ДИКТОР: Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға. Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуге балаға. Абай Құнанбайұлының өлең жолдарындағыдай тағылым мен тәлімнің туын биік ұстаған ұстаздың жолы қашан да мәртебелі. Сондай жанның бірі жанымызда жүр. Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің оқытушысы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Бәрия Жахина 70 жасқа толды. Тіл жанашырының мерейтойына орай «Қазіргі филологиялық білім беру кеңістігіндегі интеграциялық үдеріс:педагогикалық трендтер мен полипарадигмалық ұстанымдар» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Шарада ұстаздың әріптестері, шәкірттері мен еліміздің түкпір-түкпірінен келген зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ, шетел профессорлары мерейтой иесіне жылы лебіздерін арнап, сый сияпаттарын тарту етті. Шетелдік меймандар тұғырлы тілдің туыстығы мен түрік тілінің мәселелерін тілге тиек етті.

СНХ: МАХАНБЕТ ЖҮСІПОВ, ӨЗБЕК ӘЛЕМ ТІЛДЕРІ МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ: Түркі тілдерінің қазіргі жағдайы әлбетте өзгеріп жатыр. Алты тәуелсіз түркі мемлекеті 11992 жылдан бастап «Түркі»- деген ортақ бірегейлік аясында «Түркі мемлекеттер» ұйымын құрды. Бүгінде Түркі мемлекеті 30 түрлі салада білім беру саласынан бастап әскери салаға дейін өзара ынтымақтастық орнатқан.Ортақ көптеген білім беру мектептеріміз бар.

РКС: Бәрия Жахина жарты ғасыр ғұмырын педагогика саласына арнаған ірі тұлға. Алғашқы еңбек жолын Уәлиханов ауданына қарасты туған ауылы Қызылоба орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімінен бастады. Білім беру саласында өзінің шеберлігімен танылып, 90-шы жылдардың басында Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық институның оқытушысы болып қызметке араласты. Кешегі жас маман бүгінде сол қара шаңырақтың білім шамын жағып, талмай еңбек етіп келеді. Әлі де сапта.

СНХ: СӘБИТ ЖӘМБЕК, ПРОФЕССОР: Осы жылдардың ішінде сонау жастық шағынан бастап маңдай терін төгіп өзінің білімі мен білігін үялатып, алдынан сан мыңдаған шәкірттер қанат қағып үлкен өмірге жолдама алды. Міне барлығымызда бүгінгі күні бұл кісінің творчествалық, ғылыми, шығармашылық нәтижелерін көріп отырмыз. Бұл кісіге үлкен шығармашылық табыс, зор денсаулық, қажымас қайрат пен күш, жігер тілейміз.

РКС: Ғылым мен білім жолында талай шәкіртке жол көрсетіп, бағын ашты. Ұстаз шәкірттерін мақтан тұтады.

СНХ: БӘРИЯ ЖАХИНА, ПЕДАГОГИКА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ: Қай кезде, қай уақытта болмасын біз жастарға сенуіміз керек. Олар үлкен тұлғалы азамат болады. Егеменді еліміздің иесі болады. Мықты азаматтар болады,- деп ойлаймын. Адамның алға қойған мақсаты, арманы болмаса, нақты жоспары болса мына адам да табиғат кез келген тірі жаны сияқты тоқтап қалады. Сондықтан Аллаға шүкір менде ұзтаздық жолымды жалғастырамын,- деп ойлаймын. Себебі, мен ұстаздықты жақсы көремін, себебі мен шәкірттерімді жақсы көремін.

СНХ: АЙДАНА АҚНАЗАРОВА, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ: Бәрия Бадыққызы білім мен ғылымның нағыз жанашыры. Ол өзінің студенттеріне тек қана ұстаздық білім ғана емес, сонымен қатар тұлғалық білімді де олардың бойына дарыта білген дара тқлға.

РКС: Еңсесі биік ұстаздың еңбегі еш қалған емес. 2015 жылы «Ыбырай Алтынсарин», 2021 жылы «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерімен марапатталды. Шәкірт тәрбиелеудегі ерен еңбегі үшін мемлекет тарапынан бұдан өзге де талай марапатты иеленді. Ал мерейлі 70-де бүгін Бәрия Бадыққызының кеудесіне педагогика саласына қосқан сүбелі еңбегі үшін Ахмет Байтұрсынов атындағы медаль тағылды.

ИНТЕРШУМ:

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ