ДИКТОР: Азаматтардың құқықтарын қорғау және мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру – облыстық мемлекеттік қызмет істері агенттігінің басым бағытының бірі. Биыл аймақта аталған агенттік департаменті жүргізген тексерісі барысында 14 мыңға жуық бұзушылық анықталып, нәтижесінде бір мыңнан астам азаматтың құқығы қалпына келтірілді.

РКС: Тұрғындардан түсетін шағымдардың басым бөлігі жер қатынастары, ауыл шаруашылығы саласындағы субсидиялау және көлік тіркеу мәселелеріне қатысты. Мәселен, департамент жүргізген тексеріс қорытындысы бойынша ақпараттық жүйеде орын алған техникалық ақаулардың салдарынан көлігін тіркей алмаған 200-ге жуық азаматтың мәселесі оң шешімін тапты.

СНХ: НҰРСҰЛТАН ШЫТЫРЫМБЕК, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ: Осыған дейін ақпараттық жүйедегі іркілістерге байланысты көлік құралдарын тіркеу қызметінен бас тартылған 187 өтініш иесіне Департамент тексерісінің нәтижесінде көлік құралдарын тіркеу бойынша мемлекеттік қызмет көрсетілді. Сонымен қатар, департаменттің араласуынан кейін интеллектуалдық меншік құқықтарын тіркеу қызметтеріне байланысты тағы 5 өтініш иесіне қызметтер көрсетілді.

РКС: Аграрлық саладағы түйткілдер де назардан тыс қалған жоқ. Мұнда 179 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушінің құқығы қалпына келтірілген. Бұған қоса, жер қатынастары саласындағы мәселелер де жіті бақылауда.

СНХ: ҚАЙРАТ КӨКІШЕВ, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МАМАНЫ: 849 азаматтардың жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы саласында қызмет алу кезінде құқықтары сақталуы қамтамасыз етілді, олардың 185 жер учаскелері құқықтары ресімделді.

РКС: Бұған қоса, құжаттандыру, әлеуметтік қорғау, білім және ғылым салалары бойынша 55 азаматқа мемлекеттік қызметтерді рәсімдеуге қолдау көрсетілді. Қызмет алушылардың құқықтарын қорғау бағытындағы бақылау жұмыстары жалғасуда.

 ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ