ДИКТОР: Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған шаралар күшейген сайын комплаенс-қызметтердің маңызы арта түсуде. Бұл құрылымдар квазимемлекеттік сектордағы тәуекелдерді дер кезінде анықтап, заң бұзушылықтың алдын алуға жол ашады. Көкшетауда Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалында өткен өңірлік форум осы бағыттағы өзекті мәселелерді ортаға салды. Жиынға 70-тен астам комплаенс-офицер қатысып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы механизмдерді жетілдіру жолдарын талқылады.

РКС: Ақмола облысында квазимемлекеттік секторға кіретін 980-нен астам ұйым тіркелген. Олардың ішінде 300-ден аса мекеме комплаенс қызметін енгізіп қана қоймай, оны жүйелі түрде дамытып отыр. Бұл құрылымдардың негізгі міндеті – адалдық қағидаттарын қамтамасыз ету, жұмыс барысының ашықтығын арттыру және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу.

СНХ: НҰРҚАТ БАТЫРҚҰЛОВ, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының 16-бабына сәйкес, әрбір квазимемлекеттік сектор субъектісінде комплаенс-қызметтің функцияларын орындайтын жауапты тұлға белгіленеді. Бұл тұлғаның негізгі міндеті – сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу, қаржылық бақылауды қамтамасыз ету және ұжымда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру болып табылады.

РКС: Жиынға саладағы беделді мамандар шақырылып, олар комплаенс бағытындағы өзекті мәселелерді талқылауға үлес қосты. Форумға сондай-ақ Беларусьтен арнайы шақырылған сертификатталған маман қатысып, халықаралық тәжірибе мен нақты іс-тәжірибелік мысалдарды ортаға салды.

СНХ: СНХ: ӘНУАР ОМАРОВ, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ: Мемлекеттік қызмет істері агенттігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің заңды мұрагері ретінде антикоррупциялық комплаенс-қызметтердің жұмысына үйлестіру жүргізуге толық құқылы. Бүгін департамент пен Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының филиалы бірлесіп, өңірдегі комплаенс-қызметтер үшін арнайы форум ұйымдастырды. Барлық қызметкерді қамту мақсатында форумға қатысушылар офлайн және онлайн, соның ішінде Zoom-конференция арқылы да қатысуға мүмкіндік алды.

РКС: Аймақта комплаенс-офицерлерді даярлауға айрықша мән беріліп отыр. Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде магистратура деңгейінде арнайы оқу бағдарламасы енгізілген. Сонымен қатар, Мемлекеттік басқару академиясы мамандар үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы менеджмент пен комплаенс бойынша арнайы курстар ұйымдастырады. Комплаенс-саласының мамандары тұрақты түрде біліктілігін арттырып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда заманауи тәсілдер мен әдістерді игереді.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, АРАЙЛЫМ ШЫТЫРЫМБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ