ДИКТОР: Аймақта брейкинг қарқынды дамып келеді. Балалар би акробатикасын, энергия мен күш үйлесімін ерте жастан меңгеріп, оны әлемдік деңгейде көрсетуде. Қазір ақмолалық жас брейкерлер Қазақстан чемпионатына дайындалып жатыр. Сонымен бірге болашақта жасөспірімдер Олимпиадасына қатысуды да армандайды.

РКС: «Aqmola Breaking» секциясы 2021 жылы ашылды. Тәрбиеленушілер саны артып келеді. Қазір секцияға 60-қа жуық спортшы қатысып жатыр. Мұнда балалар 7 жастан бастап қабылданады. Брейкингпен жастайынан айналысатындардың бірі Валерия Петрова.

СНХ: ВАЛЕРИЯ ПЕТРОВА, СПОРТШЫ: Жасым 11-де. Брейкингпен 4 жыл бойы айналысып келемін. Алдағы турнирім – Қазақстан Республикасының чемпионаты. Сондай-ақ Словакия мен Словениядағы әлем чемпионаттарына қатыстым. Сол турнирлерден үлкен тәжірибе алдым. Болашақта Олимпиадаға қатысып, жеңіске жеткім келеді. Соған дайындалып жатырмын.

РКС: Аяжан Қажыбаева брейкингтен Қазақстанның жасөспірімдер құрамасында. Ол Қазақстан чемпионатына және Дакарда өтетін жасөспірімдер Олимпиадасына дайындалып, халықаралық деңгейде өнер көрсетуге мүмкіндік алды.

СНХ: АЯЖАН ҚАЖЫБАЕВА, СПОРТШЫ: Жасым он бесте. «Aqmola Breaking» мектебінде 4 жыл бойы жаттығып келемін. Брейкинг қатты қызықтырады. Мұнда мені әжем алып келді. Жаттығуларымыз қызықты өтеді, жаттықтырушыларымыз да өте жақсы.

РКС: «Aqmola Breaking» секциясы жаңадан бастағандармен де, ұлттық деңгейдегі спортшылармен де жұмыс істейді. Жаттықтырушылар олимпиадалық спорт түріне қызығушылық артып келетінін айтады. Тәрбиеленушілер республикалық жарыстарда жеңіске жетіп, халықаралық додаларда да өнер көрсетуде.

CНХ: ДАМИР БАЙМУРЗИН, БРЕЙКИНГТЕН АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ АҒА ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ: Қазір «Бурабай» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттығамыз. Мектебіміздің мәртебесін көтеретін үлкен жетістіктеріміз бар. Жуырда ғана спортшыларымыз Қазақстан Республикасының Кубогында жүлдегер және чемпион атанды. Былтырғы ең маңызды жеңістердің бірі – Словения астанасы Люблянада балалар мен жастар арасындағы әлем чемпионаты болды.

РКС: Брейкерлер желтоқсанның 4-і мен 7-сі аралығында Астанада өтетін Қазақстан чемпионатына дайындалуда. Сонымен қатар жасөспірімдер Олимпиадасына іріктеу де қызу жүріп жатыр. Жаттықтырушылар акмолалық спортшылардың олимпиадалық жолдаманы жеңіп алып, халықаралық додада жоғары деңгейде өнер көрсететініне сенімді.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ЖАНДОС САЙЛАУ, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ