ДИКТОР: Мемлекет басшысы жасанды интеллектті білім беру жүйесіне кеңінен енгізу қажеттігін атап өтті. Осы ретте жаңа оқу жылынан бастап еліміздің білім беру жүйесіне жаңа технологияның элементтері енгізіле бастады. Ақмола облысы бұл бағытта көшбасшы өңірлердің қатарында. Бүгінде мектептерде жасанды интеллектті меңгеруге арналған факультатив сабақтары ұйымдастырылған.

РКС: Жаңа оқу жылынан бастап шаһардағы №20 мектеп-гимназиясында 8-10 сынып оқушыларына арналған «AI and Innovation» факультативтік пәні енгізілді. Сабақ барысында оқушылар жасанды интеллект, алгоритмдер, деректермен жұмыс істеу және инновациялық шешімдер жасау негіздерін меңгеріп жатыр. Олар тек теориялық біліммен шектелмей, нақты жобалар әзірлеп, жаңа технологияны күнделікті оқу мен шығармашылықта қолдануға машықтануда.

СНХ: АРУЖАН ЖЕҢІСОВА, №20 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ОҚУШЫСЫ: Мысалы біз бірнеше программамен жұмыс істедік. Ол VIO3 және оның арқасында біз текст жазып, ChatGPT-ға, жасанды интеллектіге енгіземіз, ол бізге дайын видео жасап береді. Содан кейін біз оны әрі қарай дамытқымыз келсе, біз оны әрі қарай өзімізше дамыта аламыз. Мысалы, физика сабағында бізге құбылыстардың зерттеулерін, және де химия сабағында да басқа да сабақтарда бізге презентация жасауға біз оны еркін жасанды интелектімен жасай аламыз.

РКС: Факультатив сабақтың құрылымы теория мен практиканы ұштастыруға негізделген. Бұған қоса, бір жылдық жоспар негізінде оқушылар тек дайын құралдарды қолданып қана қоймай, машиналық оқыту негізінде білім саласына арналған сайт әзірлеуге де ниеттті.

СНХ: МИНАС ЕРЛАНҰЛЫ, №20 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫ ИНФОРМАТИКА ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ: Оқушылармен белсенді жұмыс атқарудамыз. Жасанды интеллектіні дұрыс пайдалану, оның этикасы мен қауіпсіздігі жағынан қалай пайдалану және оқушылар жасанды интеллектіден қандай пайда көреді, сол жағын меңгертудеміз. Әдетте, видео жасау үшін маман көптеген программаны үйрену керек, ал оқушылар осы жасанды интеллектінің көмегімен белгілі заңдылықпен промт жазу арқылы 45 минуттың ішінде мультфильм не видеофильм жасауға мүмкіншілігі бар.

РКС: Өңір педагогтары да жаңа технологияны меңгеруден қалыс қалып отырған жоқ. Бүгінде 120 ұстаз арнайы курстан өтіп, жасанды интеллектті сабақ барысында тиімді пайдаланып келеді.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ