ДИКТОР: Демалыс күндері Қазақстанда ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күні аталып өтілді. Биыл Ақмола облысы аталған салада рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізді. Аймақ диқандары 7,5 миллион тонна астық жинады. Ауыл шаруашылығы өнімдерін жалпы өндіру көлемі 1 триллион теңгеден асты. Сарапшылар тарихи көрсеткіштерге жетуге «Кең Дала-2» жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламасының қолдауы көп болғанын айтуда. 1 мыңға тарта шаруа қожалығы 118,5 миллиард теңгенің қаржылай көмегін алды. Қазір шаруалар жеңілдетілген несиені өтеуге кіріскен. Ал көпшілігі алдағы көктемгі егіс науқанына дайындықты қазірден бастап кетті. Қаржыландыруға өтінімдер қабылдау жүріп жатыр.

РКС: Целиноград ауданындағы серіктестіктің бірі дәнді және майлы дақылдар өсірумен айналысады. Биыл «Кең Дала-2» бағдарламасы бойынша 1 миллиард теңге несие алды. Ол қаржыға минералды тыңайтқыш пен жанар-жағар май сатып алды. Сонымен бірге ауыл шаруашылығы техникасын да жаңартқан.

СНХ: ӘДІЛ ҚОЗЫБАЕВ, «АҚМОЛА ФЕНИКС+» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ АГРОНОМЫ: Биыл 3900 гектар алқапқа дән сіңірдік. Жылды жақсы көрсеткішпен аяқтап отырмыз. Оның бәрі Үкімет тарапынан жасалып отырған мемлекеттік қолдаудың арқасында жүзеге асты. Осы ретте ел басшылығына алғысымды білдіргім келеді.

РКС: Биылғы көктемгі егіс жұмыстарына аграрлық несиелік корпорациясының облыстық филиалы шаруаларға 23 миллиард теңге берді. 400-ге жуық ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші көмекке жүгінді. Енді олар алған қаржыны қарашада және келер жылдың ақпанында қайтаруы тиіс. Көпшілігі қарызын ертерек жабуды көздепті. Алғашқы қайтарым қазан айында түскен.

СНХ: ӘНУАР ҚАЙЫРБЕКОВ, АГРАРЛЫҚ НЕСИЕЛІК КОРПОРАЦИЯСЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Қазірге дейін 1,1 миллиард теңге несие өтелді. Бұл дегеніміз қараша айында өтелуге тиіс жоспарлы соманың 10 проценті. Біздің филиал қазанның 1-нен бастап көктемгі дала жұмыстары мен күзгі егін орағын алдын ала құаржыландыруға өтінімдер қабылдауды бастады. Шамамен 40 өтінім берушіден 8,5 миллиард теңгеге өтініш түсті. Аталған бағдарлама бойынша алғашқы қаржыландыру қарашаның 21-де болады деп болжап отырмыз.

РКС: Көктемгі егіс жұмыстарын ойдағыдай өткізу үшін қаржыландыру көзі биыл да уақытылы жүргізіледі. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жеңілдетілген несиелендіру бағдарламаларына қатысу үшін құжаттар жинап, өтінімдерді толтыруды бастап кетті. Шаруалар мемлекеттік қолдау тұқым мен тыңайтқыштарды алдын ала сатып алуға, техниканы дайындауға және қажетті барлық шараны сапалы өткізуге мүмкіндік береді деп отыр.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ