ДИКТОР: «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы - қоғам мен билік арасындағы ашық әрі тиімді диалогты дамытып, тұрғындардың көкейінде жүрген мәселелерді дер кезінде шешуге бағытталған бастама. Осы қағидат аясында Көкшетау қаласында бірқатар жүйелі жұмыс қолға алынып, шаһардың инфрақұрылымын жаңғыртуға айырықша көңіл бөлініп келеді. Тілшіміз Жанар Мұқышева жалғастырады.

РКС: Қала келбеті соңғы жылдары айтарлықтай өзгеріп келеді. Бұған шаһарда жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстар дәлел. Қала тұрғындарының ең жиі көтеретін мәселесінің бірі - жолдардың жай-күйі. Биыл 50 шақырымнан астам жол жөнделді. Бұрын тек басты көшелерге басымдық берілсе, қазір ұзақ жыл назардан тыс қалған шағын көшелер де кезең-кезеңімен қалпына келтірілуде. Осыдан бірер жыл бұрын шұрық-тесік жолдар сынға іліксе, қазір жаңарып, қаланың ажарын аша түсті. Атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесін ең алдымен тұрғындардың өзі байқап, оң бағасын беріп отыр.

СНХ: НАТАЛИ УЛЬДАНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Мен бұл үйде жиырма екі жыл тұрамын. Бұрын ауламызда ешқандай абаттандыру жұмыстары жүргізілмей, бұл жағдай тұрғындардың көңіліне қаяу түсіретін. Ал бүгінде тұрғын үйлердің аулалары абаттандырылып, қаланың жалпы келбеті де айтарлықтай көркейіп келеді. Балалардың алаңсыз ойнап, ересектер мен қариялардың таза әрі жайлы ортада демалуына мүмкіндік туды. Бұл өзгерістерді бір ғана сөзбен сипаттау қиын. Қала көшелері жаңарып, жолдар тегістеліп, жаңа ғимараттар бой көтеруде. Мұндай қарқынды жаңару бұрын-соңды болмаған. Ең қуантатыны - жергілікті билік халық үніне құлақ асып, айтылған ұсыныс-тілектерді орындауға талпынып жатыр.

РКС: Жарықпен қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Жыл басынан бері 1500-ге жуық жарық элементі жаңартылып, 56 көшенің шамдары ауыстырылды. Энергия үнемдейтін заманауи LED-бағандар орнатылып, қараңғы аула мен көшелерге жарық жетті. Бұдан бөлек, жастардың бос уақытын тиімді өткізуі үшін қаланың бірнеше ауданында жаңа спорт және балалар ойын алаңдары салынды.

СНХ:ЕРБОЛАТ СЕРІКБАЕВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ, ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: Сонымен қатар, жаяу жүргіншілер мен велосипедтерге арналған жолақтар салынды 2025 жылы. Жалпы ұзындығы 12 км құрайды. Жарықтандыруға келетін болсақ, биылғы жылы «Көкшетау Энерго» акционерлік қоғамы мердігерлік ұйыммен келісім-шарт жасалды. Осы тұжырымдамаға сәйкес, тағы да «Халық қатысатын бюджет» жобасы бойынша біршама жұмыстар атқарылды.

РКС: Әрине, қалың жұрттың көңілінен шығу оңай шаруа емес. Ол үшін билік пен халық арасын жалғайтын ашық диалогқа негізделген алтын көпір қажет. Осы ретте тұрғындармен тығыз кері байланыс орнату бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса бермек.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ