ДИКТОР: Бюджеттің тұрақтылығы – ертеңгі күнге сенімнің негізі. Осы мақсатты қолдау үшін облыстық мемлекеттік кірістер департаменті ұйымдастырған «Үздік салық төлеуші» және «Сыртқы экономикалық қызметтің үздік қатысушысы» номинацияларының жеңімпаздары марапатталды. Бұл байқауда ел экономикасын күнделікті еңбегімен нығайтып, салық міндеттемелерін дер кезінде орындап жүрген 10 үздік кәсіпкердің есімі аталды.
РКС: Мемлекеттік кірістер органдарының басты міндеті – мемлекеттік бюджетті толық әрі уақытында қамтамасыз ету. Ал қазынаның тұрақтылығы ең алдымен салық төлеушілердің адалдығына және өз міндеттемелерін дер кезінде орындауына байланысты. Бүгінде мемлекет қазынасын толтыруға ірі кәсіпорындар да, орта және шағын бизнес өкілдері де лайықты үлес қосып отыр.
СНХ: БАУЫРЖАН ШӘЙКЕНОВ, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Облыста жыл басынан мемлекеттік бюджетке 510,6 миллиард теңге көлемінде салық пен өзге де міндетті төлемдер түскен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 133,2 миллиард теңгеге артық. Аталған деректер өңір экономикасының дамуына салық төлеушілердің қосқан қомақты үлесін айқын көрсетеді. Түсімдердің өсуі облыстың экономикалық көрсеткіштеріндегі оң серпінмен тығыз байланысты. Құрылыс жұмыстары мен қызметтер көлемінің индексі былтиырға қарағанда 126,4 процент деңгейіне жеткен. Ал республика бойынша бұл көрсеткіш - 114,4 процент. Осы нәтижемен Ақмола облысы 20 өңірдің арасында 3-орынға ие.
РКС: Байқауда үздік салық төлеушілер үшін 12 номинация және сыртқы экономикалық қызметтің үздік қатысушысына арналған арнайы номинация ұсынылды. Үздіктерді анықтауда салық берешегінің болмауы, есептілікті дер кезінде тапсыру, камералды бақылауда бұзушылықтарға жол бермеуі және барлық төлемді толық әрі уақытында өтеуге қатысты талаптар басшылыққа алынды. Нәтижесінде 10 номинация бойынша үздік деп танылғандар марапатталды.
СНХ: САЙРАН ЖАҚЫПОВ, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР: Келешекте мемлекеттік кірістер департаментіне өз үлесімізді қосамыз. Еңбек етеміз әрі қарай, халықтың игілігі үшін қажырлы еңбек етеміз. Бізді елеп, шақырып, сый-сияпат істеп жатқандарына департаментке рахмет айтамын.
РКС: Байқау жыл сайын өткізіледі. Мұнда мемлекет алдындағы борышын адал атқарып, табысты кәсіп жүргізудің мәдениетін қалыптастырып жүрген жандар анықталады. Өйткені жауапты кәсіпкерлік – бұл пайда табудан бөлек, өңірдің өркендеуіне қосылған үлкен үлес,- дейді ұйымдастырушылар.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ