ДИКТОР: Полиция дегенде бірден қолына қару ұстаған жедел топты елестетеміз. Бірақ, қылмысты ашудағы ең басты жауапкершілік криминалистика мамандарына жүктеледі. Қылмыстың ізін суытпай, көзге іліне бермейтін детальдарды көріп, жылдам әшкерелеуде криминалистердің еңбегі ерен. Ақмола облысында 50-ге жуық криминалист жұмыс істейді. Соның бірі - Мирас Дүйсеновпен тілшіміз жүздесіп қайтты.
РКС: Мирас Болатұлы полицияға кездейсоқ келген жоқ. Ол атасы мен әкесінің еңбек жолын жалғастырып келе жатыр. Бала кезден әкесін әскери формада көріп, полиция боламын деген арманының ұшқыны пайда болған.
СНХ: МИРАС ДҮЙСЕНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ ТЕРГЕУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ КРИМИНАЛИСТІ: Әкем жағынан туыстарым ішкі істер органында жұмыс істейді. Атам, атамның ағасы, әкем, әкемнің екі ағасы және мен. Бір сөзбен айтқанда солардың ізін жалғап келе жатырмын. Жасөспірім кезімде әкем маған кім болғың келеді деп сұрақ қойған еді. Мен бірден оның жолын қуып полиция саласын таңдайтынымды айттым. Өйткені, әкеме қарап өстім. Бала кезден бұл салаға қызығушылығым оянды. Әкемнің жұмысын бақылау қызықты болды. Тіпті, әкеммен бірге арнайы фильмдер көріп өстім. Жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін әкем жүрегің қалаған мамандықты таңда деді. Мен криминалист болуды ұйғардым.
РКС: Мирас Дүйсеновтің әкесі Болат Қожмұхамматұлы еңбек жолын 1989 жылы жол патрульдік полиция қызметінен бастады. Жауапкершілігі мол азамат Зеренді аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары қызметіне тағайындалды. Қазір зейнетте. Ал, Мирас Дүйсенов жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін бірден қалалық полиция басқармасының криминалистика бөліміне жұмысқа орналасып, өзінің білікті маман екенін көрсете білді.
СНХ: РУСЛАН ТҰЯҚБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ ЖЕДЕЛ-КРИМИНАЛИСТИКА БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Жас маман Мирас Дүйсенов біздің басқармада 2 жылға жуық жұмыс істеп келеді. Бұған дейін ол қалалық тергеу бөлімінде 2 жыл жұмыс істеді. Онда ол өзін жақсы жағынан көрсетіп, бірқатар ауыр қылмысты ашуға үлес қосты. Жауапкершілігі зор. Бірден көзімізге түсті. Осылай оны өңірлік тергеу бөліміне ауыстырып алдық. Берілген тапсырмаларды мұқият орындайды. Өзін білікті қызметкер ретінде көрсете алды. Берілген әр тапсырманы сонына дейін апарады. Сондай-ақ, ол жас мамандарды оқытып, үйретеді. Қызметкерлер арасында құрметке ие.
РКС: Криминалистика өте жауапты сала. Олар оқиға орнына жеткен бойда әуелі қылмыстың мән-жайына қанығады. Содан кейін қылмыскердің ізіне түсетін деректерді жинауға кіріседі. Бұл жерде тек кәсіби білім ғана емес, шыдамдылық пен ұқыптылық қажет. Себебі, болмашы бір қателік қылмыстың ашылуына кедергі келтіру мүмкін. Осы ретте, Мирас Дүйсенов өзіне жүктелген міндетке зор жауапкершілікпен қарайды.
ЛАУРА ДӘУЛЕТБЕК, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ