ДИКТОР: Өңірде соңғы екі аптада жедел респираторлық вирустық инфекция жұқтыру жағдайлары айтарлықтай өсті. Вирустың қарқынын тежеп, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 30 мектептегі 224 сынып уақытша қашықтан оқыту форматына көшірілді. Сонымен қатар, бүгінгі күнге дейін Гонконг тұмауының 15 дерегі анықталып отыр. Инфекцияға шалдыққан 166 науқас аймақтың медициналық ұйымдарына жатқызылды.
РКС: Эпидемиологиялық маусым басталғалы бері өңірде жедел респираторлық вирустық инфекцияның 35 мыңға жуық дерегі тіркелді. Сырқаттанғандардың басым бөлігі — 14 жасқа дейінгі балалар, олардың үлесі 67 пайыз.
ГРАФИК МӘТІНІ: Балалар арасындағы аурушаңдықтың артуына байланысты еліміздің 7 өңірінде орналасқан 132 мектепте 1469 сынып қашықтан оқыту форматына көшірілді. Ал Ақмола облысында 30 мектепте 224 сынып сабақтарын үй жағдайында жалғастырып жатыр. Бір инкубациялық кезең ішінде сынып оқушыларының 30 пайызы сырқаттанған жағдайда қашықтан оқыту тәртібі енгізіледі.
ГРАФИКА:
ЕЛІМІЗ БОЙЫНША ҚАШЫҚТАН ОҚЫТУ ФОРМАТЫНА КӨШІРІЛГЕНДЕР:
132 МЕКТЕПТЕ 1469 СЫНЫП
АҚМОЛА ОБЛЫСЫ БОЙЫНША:
30 МЕКТЕПТЕ 224 СЫНЫП
ҚАШЫҚТАН ОҚЫТУ БІР МЕЗЕТТЕ ОҚУШЫЛАРДЫҢ 30% СЫРҚАТТАНҒАН ЖАҒДАЙДА ЕНГІЗІЛЕДІ
РКС: Медицина мамандардың айтуынша, ең маңыздысы – ауруды уақытында байқап, дәрігерге жедел қаралу. Елемеген жағдайда түрлі асқынулардың туындау қаупі бар.
СНХ: СӘУЛЕ ҒАЛЫМЖАН, «VIAMEDIS» №1 ҚАЛАЛЫҚ ЕМХАНАСЫНЫҢ БАЛАЛАР ДӘРІГЕРІ: Уақытында қажетті көмек көрсетілмесе, түрлі асқынулар пайда болуы мүмкін. Олардың ішінде бронхит, пневмония, созылмалы аурулардың шиеленісуі бар. Аурудың алдын алу үшін қосымша шаралар ретінде адамдар көп жиналатын орындардан аулақ болу, жеке гигиена ережелерін қатаң сақтау ұсынылады. Сонымен қатар, арнайы алдын алу шарасы ретінде тұмауға қарсы вакцинация жасалуы қажет.
РКС: Гонконг тұмауының вирусы жан-жақты зерттелген және бақылаудағы штамм. Оған қарсы тиімді алдын алу шаралары әлдеқашан әзірленген.
СНХ: СЕРІК ОМАРХАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: Бұл ауру жаңа емес. Ал «Гонконг тұмауы» деген атау қайдан шыққан? 1968 жылы осы вирус Гонконгта эпидемия тудырған, сондықтан осылай аталған. Бұл вирус негізінен жыл сайын айналымда болады. Қазіргі таңда жүргізілген GRIPPO+ вакцинациясында осы штамм қамтылған. Яғни, вакциналанған адамдар ауруға шалдықса да, симптомдары жеңіл өтеді.
РКС: Жоғары қауіп аймағына тек балалар ғана емес, жүкті әйелдер де жатады. Өңірде болашақ аналардың арасында 378 жедел респираторлық вирустық инфекция жағдайы тіркелген.
СНХ: ХАНҰЗА ТІЛЕУЖАНОВА, «VIAMEDIS» №1 ҚАЛАЛЫҚ ЕМХАНАСЫНЫҢ ТЕРАПЕВТІ: Бұл – дәл сол тұмау, тек өзіне тән ерекшеліктерімен өтеді. Халықты дүрбелеңге берілмеуге және уақытылы мамандарға жүгінуге шақырамыз. Арнайы көңіл жүкті әйелдерге аударылады, себебі олар асқынған ауруларға қауіп төндіретін топқа жатады және госпитализацияға жүкті емес әйелдерге қарағанда 4 есе жиі мұқтаж болады.
РКС: Сырқаттың маусымдық өсуіне қарамастан, өңірдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Медицина мамандары адам көп жиналатын орындарға баруды шектеуді, жеке гигиена ережелерін қатаң сақтауды және арнайы алдын алу шараларын ұмытпауды ескертеді.
МӨЛДІР ЕЛЕМЕСОВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, ДАНИЯР ЖҰМАҒУЛОВ, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБУЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ