ДИКТОР: Өңірде жылу беру маусымы басталғалы жеке тұрғын үй секторында 70 өрт оқиғасы тіркелді. Салдарынан 3 адам қаза тапты. Газдан уланып, тағы 1 адам ажал құшты. Құтқарушылар мұндай жағдайлардың алдын алу мақсатында тұрақты түрде жекеменшік үйлерді аралап, рейдтер жүргізеді.

РКС: Қазір адамдар көп шоғырланған орындарда және азаматтардың жекеменшік үйлерінде рейдтік-профилактикалық шаралар жүргізілуде. Өрт-тактикалық оқу-жаттығулар тұрақты түрде өткізіледі. Жеке тұрғын үй секторына дабыл құрылғылары орнатылып жатыр.

СНХ: ЕРСАЙЫН ҚОЙШЫБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ: Әлеуметтік осал топтың санатынан жататын 9 мың азамат бар. Олардың үйлеріне улы газдан қорғайтын 11 мың дабыл құрылғысы орнатылды. Қазір осы санаттағы азаматтардың баспаналарын екінші мәрте қайта аралап жатырмыз. Бұдан бөлек, 1 400-ден астам жекеменшік сектордағы пештердің мұржалары тазартылды.

РКС: Өрттің негізгі себептері – жылыту пештері мен электр жабдықтарын орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы. Яғни, ақауы бар немесе дұрыс пайдаланылмайтын электр құралдары, өрт сөндіргіштің болмауы тілсіз жаудың өршуіне себеп болып жатады.

СНХ: РУСЛАН МОЛДАҒҰЛОВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ИНЖЕНЕРІ: Көкшетау қаласының төтенше жағдайлар басқармасы түрлі мерекелік шараны тойлау үшін жалға берілетін коттедждер мен жеке тұрғын үйлердегі өрттің алдын алуға қатысты кешенді жұмыс жүргізуде. Рейдтер барысында өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу фактілері анықталады. Өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға қатысты ұсыныстар береміз. Ақаулардың басым бөлігі электр құрылғыларына қатысты. Дұрыс жалғанбаған сымдар мен ток көздерінің жанғыш материалға орнатылуы өрт қаупін күшейтеді.

СНХ: БАҚЫТ ЗЕЙНУЛЛИН, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Розеткаларын айына бір рет тексеріп отырамыз. Печь бізде долгого горения. Түні бойы қарап отырамыз. Күндіз де қарап отырамыз. Келген адамдарға айтып қоямыз, шылым тартуға болмайды. Салют, феерверк деген оған рұқсат бермейміз. Тек қана далада. Кісілер өздерін өздері қарамаса, әрбір адамның өзінің қолында.

РКС: Құтқарушылар тұрғындарды сақ болуға және өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға ескертеді. Төтенше жағдай орын ала қалса дереу 101 немесе 112 нөміріне қоңырау шалу қажет.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ