ДИКТОР: Көкшетаудағы колледждердің педагогтары жасанды интеллект көмегімен мәтіндер, суреттер, бейне жазбалар жасауға үйренді. Aqmola Hub алаңында оқытуды маркетинг, SMM және нейротехнология саласының мамандары жүргізді.

РКС: Аудиожол құру, ауқымды деректерді талдау, тіпті ән жазу — мұның бәрін бүгінде жасанды интеллекттің көмегімен жасауға болады. Осындай тың мүмкіндіктер туралы Aqmola Hub орталығының мамандары мастер-класстарында жан-жақты түсіндірді. Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеттің жанындағы көпсалалы колледждің 30-дан астам ұстазы заманауи цифрлық құралдарды меңгеруге мүмкіндік алды.

СНХ: ҮМІТ МҰРАТБЕКОВА, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІ ЖАНЫНДАҒЫ КӨПСАЛАЛЫ КОЛЛЕДЖІНІҢ ӘДІСКЕРІ: Ай сайын біз әдістемелік орта аясында практикалық семинарлар өткіземіз. Бүгін бізді Aqmola Hub-қа жасанды интеллектті қолдану жөніндегі өте қызықты мастер-класқа қатысу үшін шақырды. Біздің келудегі мақсатымыз – жасанды интеллектті тек білім беруде ғана емес, өмірде де пайдалануды үйрену.

РКС: AI Workshop алғаш рет өтіп жатқан жоқ. Бұған дейін мұндай семинарларға бастауыш сынып мұғалімдері мен оқу ісінің меңгерушілері қатысқан.

СНХ: ӘСЕЛ ӘБДІРАХМАНОВА, КӨКШЕТАУ «ИННОВАЦИЯЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР ПАРКІ» АВТОНОМДЫ КЛАСТЕРЛІК ҚОРЫ ФИЛИАЛЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Бұл формат жасанды интеллектті күнделікті өмірде, түрлі салада және жұмыста оңай әрі қолжетімді құрал ретінде қолдануға үйретеді. Осы кездесулерде біз жасанды интеллектті өмірде және жұмыста қолданудың түсінікті,оңай тәсілдерін ұсынамыз. Бұдан бөлек, 3 күннен бір аптаға дейінгі уақыт аралығында практикалық сабақтармен қамтылған қысқартылған сабақтар да өткіземіз.

РКС: Барлық шеберлік сағаты тегін өтеді. Жыл соңына дейін AI Workshop аясында әркім жасанды интеллектті тәжірибеде үйреніп, оны маркетингте, РR, бизнес-процестерге және күнделікті жұмыс міндеттеріне енгізуге қатысты ұсыныстар ала алады.

РИЗА ЖҰПАРИЯ, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ