ДИКТОР: «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы ауыл экономикасын көтерудегі негізгі тетіктің бірі. Бүгінде облыс бойынша 200-ден астам жеңілдетілген несие беру өтінімі қаралған. Аталмыш бағдарламаның шарапаты тиген ауыл адамдары өз ісін бастап, шаруаларын дөңгелетіп отыр. Мемлекеттік бағдарлама Жарқайың ауданында қалай жүзеге асып жатыр? Тілші баяндасын.

РКС: Державинск қаласында корпустық жиһаз жасайтын жалғыз цех бар. Ол ас үйге арналған жиһаздардан бөлек, ауыл тұрғындарының талғамы мен сұранысына сай кез келген жабдықты өңдеп шығарады. 90-шы жылдары өз үйінің жанынан шағын кәсібін бастаған Юрий Ипатов 2015 жылы жиһаз цехын ашты. Бүгінде «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайыздық жеңілдегілген несие алып, цех жұмысын қайта жандандыруда.

СНХ: ЮРИЙ ИПАТОВ, ДЕРЖАВИНСК ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Биыл біз мемлекеттік бағдарлама бойынша несие алдық. Қаражатқа жаңа станоктар сатып алып, орнаттық. Енді біз жиһазды өзіміз толық жасап шығарамыз. Цехта 4 адам жұмыс істейді. Екеуі жиһаз жасаса, екі адам тасымалдап, жиһазды киленттердің үйлеріне орнатумен айналысады.

РКС: Мемлекеттік бағдарлама аясында несие алғандардың қатарында Талғат Жанәділов те бар. Ол осыдан 2 жыл бұрын төрт түліктің бірі жылқы малымен айналыса бастады. Бүгінде шаруашылығында жылқы саны алғашқымен салыстырғанда 2 есе артты.

СНХ: ТАЛҒАТ ЖАНӘДІЛОВ, КЕНСКОЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Ауыл аманаты» жобасымен кредит алып, мал шаруашылығына жылқы сатып алғанмын. Сол бағдарлама бойынша 5 жарым млн кредит алып 10 шақты бас жылқы алдым. Биыл менде кредит алғаныма 2 жыл болды. Биыл осы сатылатын бірінші жылқылардың тұқымы. Шөп, жемді сатып аламыз. 50-60 тюк шөп кетеді.8-9 тоннадай арпа аламын. 3-4 тоннадай сұлы аламын.

РКС: Аудан бойынша «Ауыл аманаты» бағдарламасымен жеңілдетілген несиеге өтінім берушілердің басым бөлігі мал шаруашылығына қызығушылық танытып отыр.

СНХ: ТАЛҒАТ БЕЙСЕНОВ, ЖАРҚАЙЫҢ АУДАНЫ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Мал шаруашылығын дамыту мақсатында ірі қара мал, жылқы, қой өсірумен айналысуға ниет білдірген 8 адамның құжаттары толық дайын. Қазір мемлекет тарапынан қаржыландыруды күтіп отырмыз. Жыл соңына дейін жеңілдетілген несиені алып беруге барынша қолдау көрсетеміз.

РКС: Жарқайың ауданында мемлекет тараптан қолдау көрсетілген «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында шағын кәсіпкерлердің қатары толығып келеді. Бұл аудан мен ауылдардың ахуалын арттыратын оң үрдіс екені даусыз.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ