ДИКТОР: Ерейментау ауданының орталығында абаттандырылған тағы бір жаңа қоғамдық кеңістік ашылды. Қалалық вокзалдың маңындағы жаңғыртылған алаң – халық қатысатын бюджет аясында тұрғындардың таңдауы түскен ерекше жоба. Жергілікті қауымдастықтың белсенділігімен жүзеге асқан бұл кеңістік қаланың тартымдылығын арттыра түсті.
РКС: Вокзал маңындағы жаңартылған алаң – халық қатысатын бюджет арқылы жүзеге асқан жеңімпаз жобалардың бірі. Бұл механизм қала үшін маңызды бастамаларды тұрғындардың өздері таңдауына мүмкіндік беріп, ортақ жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруда. Жобаның авторы – аудандық мәслихаттың депутаты Наталия Курникова. 19 миллион теңгеден астам қаржыға жүргізілген құрылыс жұмыстарының нәтижесінде алаңға жаңа төсем төселіп, заманауи жарық шамдары орнатылды. Жайлы демалыс аймақтары абаттандырылды. Осылайша, аумақ бүгінгі талаптарға сай, ыңғайлы да көркем қоғамдық кеңістікке айналды.
СНХ: НАТАЛИЯ КУРНИКОВА, ЖОБА АВТОРЫ: Қалаға келген қонақтар вокзалдан шыққанда біздің қаланың көрікті, ерекше тұстарын көрсе дейтінмін. Қол созым жердегі көз тамсанарлық абаттандырылған алаң – дәл сол арманның шындыққа айналған көрінісі.
СНХ: ВИТАЛИЙ СЕРГИЕНКО, МЕРДІГЕР: Мен осы қалада дүниеге келдім, өстім-өндім, білім алдым. Сондықтан бәрін жан-жақты, сапалы әрі мінсіз жасауға тырыстым. Ең үздік материалдарды қолдандым. Қала тұрғындары қуанып, демалып, жаны рахаттанарлықтай орын болуын қалайтынмын. Барлығының көңілінен шығатын алаң жасау – менің басты мақсатым болды.
РКС: Халық қатысатын бюджет механизмі тиімділігін әлдеқашан дәлелдеді. Алғашқы нысан Әуезов көшесіндегі саябақ аймағы болды. Ол қысқа мерзімде тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналды. Жаңа алаң осы өзгерістерді жалғастырып, эстетикалық, қауіпсіз әрі қолайлы қала кеңістігін қалыптастырып отыр.
СНХ: ЗОЯ ЛАСКОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Бұл жобаның қаншалықты керемет екенін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Сондай-ақ өз ісіне жауапкершілікпен қарап, тамаша жұмыс атқарған «Сергиенко» жеке кәсіпкерлігінің жігіттеріне ерекше алғыс айтамын. Қала¬мыз әрдайым көркейіп, гүлдене берсін.
РКС: Вокзал маңындағы жаңа алаң – бірлескен шешімдердің қалалық ортаны қалай өзгертетініне және Ерейментаудың болашағына жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыратынына тың серпін береді, - дейді тұрғындар.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ