ДИКТОР: Көкшетауда биыл алғаш рет жаңа жылдық шырша мен мұз қалашығы Қопа көлінің жағалауына орнатылады. Шаһар тұрғындары мен қонақтары үшін қысқы 20 демалыс аймағы ұйымдастырылмақ. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. Мерекеге дайындық барысы қалалық әкімдікте өткен кеңесте талқыланды.
РКС: Жаңажылдық шаралар қазан айының соңында Көкшетауда ашылған Жаңа жағалау мен Көк шалғын қоғамдық кеңістіктіктеріне шоғырландырылмақ. Қала бойынша тақырыптық 34 шағын мүсіндік кескін 3 шырша орнатылады.
СНХ: АЙГҮЛ НҮГЕРТАЕВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Жағалауда Төтенше жағдай департаментіне қарасты тұрақтың жанында қысқы ойын-сауық аймағы ұйымдастырылады. Бұл 2 үлкен сырғанақ, оның бірі көл бетіндегі мұз айдынға бағытталады. Және 2 орташа, 2 шағын сырғанақ пен 12 мұз мүсіні орналастырылады. Сонымен қатар, көше бойы 50 жарық панель-кронштейн орнатылады. Биіктігі 18 метр болатын бас шырша Жағалауға қойылады. Сондай-ақ Болашақ сарайы, «Достар» мәдениет Сарайы мен «Бәйтерек» саябағының маңы да безендіріледі.
РКС: Бас шыршаның шамы 19 желтоқсанда жағылады деп жоспарланып отыр. Осыған байланысты алдағы бір ай көлемінде мердігерлер көшелер мен ғимараттарды безендіруі тиіс. Көкшетауда дизайн-код әзірленіп, қабылданғаны туралы да ескертілді.
СНХ: АЙНҰР ТАҢҚЫБАЕВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ, СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: Ол тек жаңа жылдық мерекелерге байланысты емес, қаланың бірыңғай өзіндік көрінісін, стилін қалыптастыруға бағытталған. Дизайн-кодтағы негізгі талаптар: ғимараттарға түрлі-түсті жарық орнату кезінде жылы реңктегі сабырлы, бейтарап түстерді қолдану. Тым ашық немесе неон түстерін қолдануға тыйым салынады.
РКС: Кеңесте бос уақытты ұтымды ұйымдастырудың маңыздылығы да айтылды. Қысқы демалыс кезінде оқушыларды қызықты әрі пайдалы іс-шараларға тарту, қауіпсіздікті қамтамасыз ету бірінші орында тұр. Оған тек оқу орындары ғана емес, бизнес өкілдері де тартылады.
СНХ: ӘНУАР КҮМПЕКЕЕВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ: Бір-бірімізге қолдау көрсетуіміз керек. Қаланы бұдан да көрікті ету үшін біздің бастамаларымызды қолдауларыңызды сұраймын. Тың идеялар ұсынылып отыр. Мен оны қолдаймын. Архитектура бөлімі кемшін тұстарды зерделеп, кәсіпкерлерге жеткізеді деп сенемін.
РКС: Желтоқсанның 1-не дейін жауапты ұйымдарға бекітілген аумақтарды безендіру жоспарын дайындау тапсырылды.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.