ДИКТОР: Ақмола облысы татар және башқұрт этномәдени бірлестігінің бастамасымен ұлы ақын әрі ойшыл Абай Құнанбайұлының 180, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған әсерлі әдеби-музыкалық және театрландырылған кеш өтті. Қазақ руханиятының терең дүниесін, бай мұрасын кеңінен танытқан бұл ерекше шараның атмосферасын әріптесім Сәния Есімсейітова баяндайды.
РКС: Татар және башқұрт этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен «Абай сөзі – ұрпақ жүрегіне әсер» атты қойылым этностар арасындағы достық пен келісімді одан әрі нығайтуға бағытталған. «Біз Абайдың қара сөздеріндегі терең мәнді жас ұрпаққа жеткізуді басты мақсат еттік, және бұл міндетімізді сәтті орындадық», – дейді бірлестік төрағасы.
СНХ: РАФАИЛЬ СУЛЬКАРНАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТАТАР-БАШҚҰРТ ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: Біз көп жылдан бері қонақжай қазақ елінің топырағында өз ана тілімізді, мәдениетіміз бен дәстүрімізді сақтау бағытында қажырлы еңбек етіп келеміз.Тұрып жатқан елімізге, оның тіліне, мәдениеті мен халқына деген терең құрмет көрсету-біздің басты қағидамыздың бірі. Сондықтан біз қазақстандық қоғамға, қазақ халқына әрдайым ерекше жылы сезіммен қарап, көрсеткен қолдауы мен өзара түсіністігі үшін шынайы алғыс айтамыз. Біздің мақсат – ұлы ойшылдың білімін, шығармашылығын және мол мұрасын өз табиғи болмысымен, қаз-қалпында жеткізу. Осы арқылы біз қазақтың алып ақынына ғана емес, шығармашылығы бүкіл әлемге ортақ асыл қазынаға айналған тұлғаға деген терең құрметімізді білдіреміз.
РКС: Шараға бірлестіктің 5 жастан 85 жасқа дейінгі мүшелері белсене қатысты. Олар Абайдың өлеңдерін мемлекеттік тілде мәнерлеп оқып, ән салып, би биледі. Сонымен қатар, «Ғалиябану» халықтық ансамблі өнерін көпшілікке паш етті. Мемлекеттік және орыс тілінде – «Көзімнің қарасы», татар және мемлекеттік тілде – «Қазағым мен татарым» және татар және башқұрт тілдерінде – «Аллага шөкер» әндерін орындап, көрермендерді шынайы сезімге бөледі.
ИНТЕРШУМ:
СНХ: ӘМИНА ӘЛЖАНҚЫЗЫ, «ҒАЛИЯБАНУ» ХАЛЫҚТЫҚ АНСАМБЛІНІҢ МҮШЕСІ: Абайдың әндерін айттық, өмірінен қойылым қойдық. Жас ұрпаққа үлгі өнеге көрсеттік, бәрі жақсы өтті.
РКС: Кеш соңында ең белсенді жас қатысушылар Татар–Башқұрт этномәдени бірлестігі төрағасының Алғыс хаттарымен марапатталды. Биыл бірлестіктің құрылғанына 35 жыл. Мерейтойлық шаралардың жалғасы ретінде аталмыш қойылым мен музыкалық шығармашылық кеш қарашаның 30-ы Степногорск қаласында өткізіледі деп жоспарланып отыр.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ