ДИКТОР: Аймақта отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық әлі де тыйылар емес. Мамандар оның негізгі себебі түрлі тәуелділіктен, қарым-қатынастағы дағдарыстан сондай-ақ, тұрмыстық қиындықтардан туындайды деп түсіндіреді. Бұл мәселеге қоғам назарын аудару және алдын алу шараларын күшейту мақсатында «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы белсенді іс-қимылдың 16 күні» акциясы бастау алды.
РКС: Акция 16 күн бойы зорлық-зомбылыққа ұшыраған отбасы мүшелеріне психологиялық қолдау көрсетіп, оның құрбанына айналғандарды оңалтуға қатысты қызметтер ұсынады. Акция аясында Көкшетаудағы сауда орталықтарының бірінде билік өкілдері мен қоғамдық ұйымдардың қатысуымен қала тұрғындарын ақпараттандыру мақсатында кездесу ұйымдастырылды.
СНХ: АЛЬБИНА ДӘУЕНОВА, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ ОТБАСЫЛЫҚ-ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕС БӨЛІМІНІҢ АҒА ИНСПЕКТОРЫ: Халықаралық республикалық сипатқа ие акция желтоқсанның 10-на дейін жалғасады. Бүгін біз «Сенімен Болашақ», «Жастар Рухы» қоғамдық бірлестіктерімен және волонтерлермен бірлесіп бастадық. Сауда-ойын-сауық орталығында тұрғындарға акция жайлы ақпарат беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Келушілерге ақпараттық парақшалар мен символдық ленталар таратып, олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндірудеміз. Сонымен қатар, гендерлік зорлық-зомбылықтың не екенін және бұл мәселеге қоғамның назарын аударуын сұраймыз.
РКС: Бүгінде облыста отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты 1 мыңнан астам арыз-шағым тіркелді. Сондай-ақ, тұрмыстық құқық бұзушылықтар – отбасылық жанжалдар мен қоғамдық тыныштықты бұзғаны үшін 3,5 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
СНХ: ҚҰРАЛАЙ ЖҰМАБЕКОВА, ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ӘЙЕЛДЕР МЕН БАЛАЛАР ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ЖӨНІНДЕГІ КЕҢЕСШІСІ: Әйелдер де, ерлер де зорлық-зомбылыққа бей-жай қарай алмайды. Бізге әйелдер мен ерлер, қыздар мен ұлдар, жастар арасындағы салауатты қарым-қатынас пен дұрыс, теңгерімді қатынастар қажет. Сондай-ақ, қоғам бұл мәселеге басқа қырынан қарасын, қиын жағдайға тап болған адамдарды, әсіресе балаларымен жалғыз қалған әйелдерді түсіне білейік. Отбасын сақтап қалуға бағытталған қолдау орталықтары ашылды. Сонымен қатар, әйелдер зорлық-зомбылық құрбаны болған жағдайда көмек көрсететін дағдарыс орталықтары жұмыс істейді. Сондықтан бүгін қоғам мен мемлекет бірігіп, шешілмей тұрған барлық мәселені бірге шешуіміз қажет.
РКС: Ұйымдастырушылар бұл әлеуметтік кеселмен жүйелі түрде күресіп, алдын алу жұмыстарын одан әрі күшейтуді мақсат етуде. Акция аясында республиканың барлық аймағында тұрғындарға арналған ақпараттық-түсіндіру шаралары ұйымдастырылады. Оған кездесулер, мобильді топтардың жұмысы, сенім телефондары, флешмобтар, сондай-ақ ұйымдар мен оқу орындарындағы семинарлар кіреді.
ОКСАНА ЗИНЧЕНКО, СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЖАНДОС САЙЛАУ, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ