ДИКТОР: Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшілігі Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің студенттерімен кездесті. Басты назар білім беру және мәдениет салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайту мәселесіне аударылды. Шара аясында жастарға арналған «K-talk» ақпараттық презентациясы ұйымдастырылды. Тілшіміз Евгений Варанкин баяндайды.
РКС: Шара барысында елшілік мүшелері Кореяның жоғары оқу орындарында білім алу мүмкіндіктері, гранттық бағдарламалар, сондай-ақ корей мәдениеті, заманауи технологиялар және екі ел арасындағы мәдени байланыстар туралы ақпарат ұсынды. Сонымен қатар шараға қатысушылар Корея елшілігінің интерндерге сұрақтар қойып, пікір алмасты.
СНХ: ӘСПЕТ БЕКМАҒАМБЕТОВА, КОРЕЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕЛШІЛІГІНІҢ КОНСУЛДЫҚ МӘСЕЛЕЛЕР ЖӨНІНДЕГІ САРАПШЫСЫ: Бүгінгі шараның ең басты мақсаты Корея мәдениетін басқа елдерге таныту болып табылады. Осындай шаралар Астанада да өтіп жатыр. Назарбаев университетінде де өтті. Болашақта IT-Университетінде де өтеді. Қазіргі кезде ағылшын тілін, кәріс тілін үйреніп, түрлі гранттарды ұтып алуға болады. Ең танымал гранд - GKS деп аталады. Ұшу, оқудың төлеуі барлығы осы грант арқылы Корея республикасының атынан жабылады.
РКС: «K-talk» презентациясы арқылы студенттер корей тілін үйренудің жолдарымен, 20 мен 30 жас аралығындағы жастардың өмір салтымен және корей қоғамының ерекшеліктерімен танысты. Ұйымдастырушылар мұндай кездесулер жастардың халықаралық білім беру кеңістігіне қызығушылығын арттыратынын атап өтті.
СНХ: ЧЖИ ХЭСУН, КОРЕЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕЛШІЛІГІНІҢ КОРЕЯ АЗАМАТТАРДЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖӨНІНДЕГІ КОНСУЛЫ: Бүгінгі іс-шарада біз корей мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігі туралы ақпарат бердік. Осы шара арқылы болашақ студенттердің көмегімен Корея мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты нығайтқымыз келеді.
РКС: Шараға қатысушылар өткізілген кездесу туралы пікірлерімен бөлісіп, болашақта Корея республикасына оқуға түсуге ниетті екендерін жеткізді.
СНХ: ДАЯНА РАМАЗАНОВА, А. МЫРЗАХМЕТОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ: Бүгінгі іс-шара біз үшін өте қызықты әрі пайдалы ақпаратқа толы болды. Мұндай кездесулердің өткізіліп жатқанына қуаныштымыз. Біз көптеген жаңа мәлімет алдық. Болашақта Кореяда оқығым келеді.
РКС: Кездесу екі ел арасындағы білім және мәдениет бағытындағы байланыстарды нығайтуға, сондай-ақ студенттерге жаңа мүмкіндіктер ашуға септігін тигізді.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ