ДИКТОР: Өңірлік денсаулық сақтау жүйесінде ауқымды жаңарту жұмыстары жалғасуда. Облыстық ауруханалар мен емханалар заманауи медициналық жабдықтар алып жатыр. Осы мақсатқа биыл 7 миллиард теңге қаржы бөлінді. Жаңа техника медициналық мекемелерге келіп, біртіндеп пайдалануға берілуде. Мамандар мұндай жарақтандыру диагностика мен емдеу мүмкіндіктерін кеңейтіп қана қоймай, медициналық көмектің сапасын жаңа деңгейге шығарады.

РКС: Ана мен бала денсаулығын нығайту мақсатында биыл 2 миллиард теңгеден аса сомаға 97 бірлік медициналық техника сатып алынуда. Қазіргі уақытта облыс мекемелеріне 467 миллионнан аса сомаға 41 бірлік жабдық жеткізілді.

СНХ: МАДИНА СМАҒҰЛОВА, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ: 2025 жылы 234 түрлі медициналық жабдық сатып алу жоспарланды. Холтерлер сияқты ең кішкентай құрылғыдан бастап бейне эндоскопиялық қондырғы, мобильді рентген сияқты ірі кешендерге дейін алынуда. Бұл жабдықтың жалпы сомасы 6,8 млрд. теңгені құрайды. Бүгінгі күні 147 бірлік жабдық сатып алынды, жеткізілді және қосылды. Медициналық техниканы жеткізу бойынша барлық мәселелер биыл желтоқсан айының соңына дейін аяқталады.

РКС: Көкшетау қалалық көпсалалы ауруханасына наркозды-тыныс алу аппараттары, ем шарасына қажет шамдар, ота жасау үстелі мен бу стерилизаторы сатып алынды. Сондай-ақ, ота жасайтын үшінші бөлме ашылды. Бұл аудан мен қаладан келетін науқастарға сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Және медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттырады. Мамандар заманауи аппараттарда жұмыс істеуді үйреніп, жаңа әдістемелерді меңгеруде. Бұл неғұрлым жоғары технологиялық деңгейде көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

СНХ: СӘКЕН ҚАЛЫМЖАНОВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ КӨПБЕЙІНДІ АУРУХАНАСЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ: Биыл «С-доға» типі бойынша рентгендік-диагностикалық кешен жеткізіледі деп күтілуде, бұл ота жасау кезінде рентген-бейнелерді алу, көру үшін қажет. Сондай-ақ, сараптамалық класстағы ультра дыбыстық зерттеу аппараты алынады.

РКС: Өңірде донорлар санының өсуі үрдісі байқалады. Бір жылда шамамен 5 мың адам азаматтық жауапкершілік танытып, қан тапсырған. Бұл шамамен 8 мың донацияны құрайды. Осыған байланысты биыл қан орталығы 5 түрлі заманауи жабдықтың 13 бірлігін алды.

СНХ: ЕРМЕК МҰХАМЕДИЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ҚАН ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Сатып алған жабдықтардың ішінде дәнекерлегіш, таразы, биохимиялық анализатор, термостат, миксер сияқты өте қажет құрылғылар бар. Осы заманауи жабдықтардың барлығы уақытылы жеткізіліп, қазір жұмыс істеп тұр. Орталыққа енді автокөлік қажет. Өйткені қан орталығының мамандары қажет жағдайда көшпелі жұмыс істейді. Біз қалаға және облыс бойынша 50-ден аса сапар жасаймыз. Қан алып, оны облыстық қан орталығына жеткіземіз. Көлікті биыл сатып алуға үміттіміз.

РКС: Қазір қажет техниканы өңірдің барлық медицина ұйымдарына жеткізу жұмыстары жалғасуда. Жыл соңына дейін денсаулық сақтау мекемелеріне қалған аппараттар жеткізілмек. Бұл пациенттер үшін диагностика сапасын және медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік бермек.

МАҚПАЛ АЙБАБИНА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ