ДИКТОР: Елімізде дау-дамайларды шешудің баламалы жүйелері қалыптасып келеді. Солардың ішінде сотқа жеткізбей ымыраға келудің бірден-бір жолы – медиация. Көкшетауда осы бағыттағы жұмыстар аясында «Медиация: денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау және сот төрелігі жүйесіндегі қақтығыстарды реттеу құралы ретінде» атты дөңгелек үстел басындағы кездесу өтті. Шараға кәсіби медиаторлар, мемлекеттік орган өкілдері, сарапшылар мен студенттер қатысты.

РКС: Соңғы жылдары қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг сияқты өзекті мәселелер күн тәртібінен түспей тұр. Әсіресе, отбасылық дауларға қатысты жағдай көңіл көншітпейді. Статистикаға сүйенсек, былтыр тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 24 дерек тіркелген. Бүгінде тұрмыстық құқық бұзушылық үшін жауапқа тартылған көкшетаулықтардың саны 1 мыңнан асып отыр. Мұндай жағдайдың алдын алу үшін қоғамда тұрақтылық пен татулықты сақтау аса маңызды. Осы тұрғыда дау-дамайларды медиативтік тәсілмен шешудің маңызы зор,-дейді мамандар.

СНХ: ГҮЛНӘР МӘДИЕВА, ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АҚМОЛА АССАМБЛЕЯСЫ ЖАНЫНДАҒЫ ЭТНОМЕДИАЦИЯ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: Ақмола облысында тұрмыстық даулар жиі кездеседі, алайда кейде олар этникалық дауға ұласатын жағдай да болады. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін кәсіби медиаторлар заңды түсіндіріп, және тараптарды бейбіт шешімге келуге шақырады. Бүгінде аймақта 18 медиатор бар. Былтыр 3000 іс қаралса, оның тең жартысы ымыраға келу жолымен шешілді.

РКС: Шараға қатысушылар әлемнің дамыған елдерінің оң тәжірибесін атап өтті. Дегенмен, медиация қазақ қоғамы үшін таныс ұғым. Қарапайым халықты екі жақты келіссөзге шақырып, мәселені шешуге мүмкіндік беретін бұл тәсіл ауыл ақсақалдарының әділдігі мен билердің шешімдеріне негізделген. Алайда қазір медиация саласында білікті мамандардың тапшылығы байқалады.

СНХ: АСЫЛБЕК БАЯЖҰМА, ҚАЗАҚСТАННЫҢ «BAYTAQ» ЖАСЫЛДАР ПАРТИЯСЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Медиация саласының маманы бұл психологияны, конфликтологияны, этика, құқықтану мәселелерін толық білетін азамат болуы керек. Сондықтан да біздің облыстық келісім мекемесі әрқашан осы медиация саласындағы мамандарды жинақтап, басын қосып, семинарлар өткізіп, оларды кәсіби дайындау мақсатында жұмыстар жүргізіп жатыр.

РКС: Мамандардың айтуынша, медиация әдісін кеңінен қолдану үшін бұл саланы ғылыми түрде енгізу және кәсіби кадрлар даярлау маңызды. Жиында қатысушылар медиация мәселелері бойынша ынтымақтастық туралы меморандум жасауға ұсыныс білдірді.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ