ДИКТОР: Президенттік жастар кадрлық резервінің жаңа легі анықталды. Маусымда басталған іріктеуге биыл 32 мыңға жуық үміткер қатысқан. Нәтижесінде Президенттік жастар кадрлық резервіне 50 жас маман қабылданды.
РКС: Жүзден жүйрік танылғандардың қатарында Ақмола облысының өкілі Мағжан Ержан да бар. Ол еңбек жолын қарапайым маманнан бастап, бүгінде облыстық цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы лауазымын атқарып келеді. Былтыр өңірлік резервке іріктелсе, биыл Президенттік жастар кадрлық резервіне енген бақытты үміткердің бірі. Ендігі мақсатым – өңірді жаңа технологиялық деңгейге көтеру,-дейді.
СНХ: МАҒЖАН ЕРЖАН, ПРЕЗИДЕНТТІК ЖАСТАР КАДРЛЫҚ РЕЗЕРВІНІҢ МҮШЕСІ: Мемлекетім, елім қай жерде қызмет етесің дейді, сол жаққа баруға дайынбыз. Цифровизацияның призмасы арқылы мемлекетке, халыққа бар игілігімді, бар пайдамды тигізгім келеді. Бюрократия бойынша, басқа да бизнес-процесстер бар. Және де үлкен тұжырымдама мемлекет басшысының қойып отырған алдымыздағы ол – ЖИ-ні дамыту. Жасанды интеллектіні Ақмола облысында дамытып, әр салаға енгізіп, туризм болсын, мемлекеттік басқару болсын, агросектор болсын , Ақмола облысын тек қана алдағы шептерге шығарғым келеді.
РКС: Президенттік жастар кадрлық резервін қалыптастыру - мемлекет басшысының 2019 жылы қолға алған бастамасы. Іріктеу әр 3 жыл сайын өткізіледі. Биыл 4-ші кезең ұйымдастырылды. Бұл кезеңнің ерекшелігі - резерв мемлекеттік аппарат үшін сұранысқа ие салалар бойынша жасақталды.
СНХ: НҰРҚАТ БАТЫРҚҰЛОВ, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: Жобаның негізгі мақсаты – заманауи, озық ойлы, білімді, тәжірибелі жастарды мемлекеттік басқаруға тарту. Бұл резервте 3 жыл тұрады. Осы уақыт аралығында жастар саяси мемлекеттік қызметке және мемлекеттік әкімшілік басшылық қыметке тағайындалуға мүмкіндіктері бар.
РКС: Жалпы жастардың жобаға қызығушылығы жыл сайын артып келеді. Өйткені резерв жас мамандарға мемлекеттік басқару мен квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарға жол ашатын бірегей мүмкіндік. Оған нақты көрсеткіштер де дәлел. Мәселен, 2019 жылдан бері өткен алғашқы үш іріктеу кезеңіне 60 мыңнан астам азамат өтінім берген. Нәтижесінде 400 үміткер резервке іріктеліп, бүгінде 318-і түрлі жауапты лауазымға тағайындалған.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ