ДИКТОР: Аршалы ауданында бірнеше қоғамдық нысан жаңартылып, өңір тұрғындарына қолайлы әрі қауіпсіз орта қамтамасыз етілді. Биыл ауданның балабақшалары толық жөндеуден өтіп, бүлдіршіндерге заманауи және жайлы жағдай жасалды. Сонымен қатар, реновация бағдарламасы аясында тұрғындар үшін жаңа өмір сыйлайтын тұрғын үй салынуда. Тілші жалғастырсын.
РКС: «Светлячок» балабақшасы жылдар бойы жөндеуден өтпеген. Жылыту жүйесі тозып, жиһазы да ескірген еді. Санитарлық нормаларды сақтау қиынға соғатын. Биыл ғимарат күрделі жөндеуден толық өтті. Балабақшаға жаңа жиһаз сатып алынып, жылы едендер орнатылды, осылайша балалар үшін жайлы және қауіпсіз орта қамтамасыз етілді.
СНХ: ҒАЗИЗА ОСПАНОВА, «СВЕТЛЯЧОК» БАЛАБАҚШАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ (АРШАЛЫ ҚАЛАСЫ): Биыл бізге балабақшаны күрделі жөндеуден өткізу үшін 245 миллион теңге бөлінді. Мамырдың 23-нен бастап конкурстар өткізілді. Конкурс нәтижесінде жөндеуді жүзеге асыратын мердігер ұйым ретінде «Арлан-2004» серіктестігі анықталды. Олар үш айдың ішінде ғимаратты тамаша жөндеуден өткізді. Жөндеу барысында шатыр толық ауыстырылып, жылыту жүйесі мен кәріз жүйесі жаңартылды. Қазір балабақшадағы температура 20–22 градусқа дейін көтеріліп, санитарлық нормаларға толық сәйкес келеді.
РКС: Аршалы ауданында тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытуға үлкен нақты қадамдар жасалуда. Жыл соңына дейін 100-пәтерлі жаңа тұрғын үй пайдалануға беріледі.
СНХ: ИГІЛІК ҚҰСАЙЫН, МЕРДІГЕР ҰЙЫМНЫҢ БАСШЫСЫ: 100-пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы сәуір айының соңында басталды, нысан қарашада пайдалануға беріледі. Жобадағы пәтерлердің 90-ы екі бөлмелі, 10-ы үш бөлмелі. Ішкі жөндеу толық жасалған: бөлме ішіндегі есіктер орнатылған, пәтерлер пайдалануға толық дайын. Аула мен демалыс аймағы да жасақталған: балалар мен тұрғындар үшін тынығу орындары қойылып, шағын сәулеттік нысандар орнатылды.
РКС: Осы және басқа да әлеуметтік жобалар аудан тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған. Білім беру нысандарын жаңғырту, әлеуметтік мәселелерді шешу және заманауи тұрғын үй салу аудан тұрғындары үшін жайлы және қолайлы өмір жағдайын қамтамасыз етпек.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ