ДИКТОР: Коммуналдық қызметтерді төлеу жүйесінде жаңа өзгеріс. Енді барлық төлем бірыңғай түбіртек арқылы жүзеге асырылмақ. Бұл туралы Көкшетауға жұмыс сапарымен келген Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Жәннат Дүбірова өңір тұрғындарымен кездесу барысында мәлімдеді. Жиында өнеркәсіп, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, сондай-ақ геология және жер қойнауын пайдалану салаларын цифрландыру мәселелері де талқыланды.

РКС: Кездесу барысында вице-министр салаларды цифрландырудың негізгі бағыттарына тоқталды. Олардың қатарында өндірістік процестерді автоматтандыру, құрылыс сапасын бақылаудың бірыңғай цифрлық жүйесін енгізу, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы цифрлық мониторингті кеңейту бар. Тұрғындарға жаңа бірыңғай түбіртек жүйесінің артықшылықтары түсіндірілді. Мәселен, бұған дейін тұрғындар әр коммуналдық қызмет түрі үшін жеке түбіртек алып, бірнеше төлем жасауға мәжбүр болса, енді барлық ақпарат бір құжатта біріктіріледі. Бірыңғай түбіртек онлайн түрде екінші деңгейлі банктер арқылы қолжетімді болады.

СНХ: ЖӘННАТ ДҮБІРОВА, ҚР ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС ВИЦЕ-МИНИСТРІ: Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту жобасы аясында цифрландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ең алдымен, бұл — “ақылды” есептегіштер орнату. Электр, жылу, су және газ тұтыну көлемі нақты есептеліп, төлем де нақты тұтыну бойынша жасалады. Еліміздің негізгі қалалары мен су тапшылығы және шығындары көп өңірлерде осы технологияларды енгізу бастап кетті. Сондай-ақ біз барлық қала мен ауылда бірыңғай төлем құжатын енгізу жұмыстарын аяқтадық. Енді түбіртек электронды форматта банк қосымшалары арқылы қолжетімді болады. Сонымен бірге барлық төлемге қатысты ақпарат “Smart Turmys” бірыңғай платформасына жинақталады. Бұл бізге коммуналдық саладағы деректерді талдап, сапалы әрі ұзақ мерзімді саясат қалыптастыруға мүмкіндік береді. Келер жылы коммуналдық қызметтердің цифрлық модулін іске қосуды жоспарлап отырмыз.

РКС: Сонымен қатар, жер қойнауын пайдалану саласында да цифрлық жаңғырту жүргізілуде. Қаңтардың 1-інен бастап бірыңғай цифрлық платформа іске қосылады. Енді кез-келген жер қойнауын пайдаланушы аукционға онлайн қатысып, лицензия ала алады.

СНХ: ЖӘННАТ ДҮБІРОВА, ҚР ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС ВИЦЕ-МИНИСТРІ: Біз барлық мемлекеттік қызметті цифрландыруды аяқтап, жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасын іске қостық. Онда Қазақстан бойынша барлық лицензия мен келісімшарттар туралы ақпарат ашық көрсетіледі. Барлығы цифрлық форматқа көшірілгендіктен, инвесторлар үшін де қолайлы болмақ. сыбайлас Жемқорлық тәуекелі төмендейді. Геологиялық ақпаратты да көшіру арқылы кен орындарын айқындауға мүмкіндік туады. Бұл Қазақстан экономикасына қосымша инвестиция тартуға жол ашпақ.

РКС: Вице-министрдің айтуынша, цифрлық технологияларды енгізу салалардың ашықтығын арттырып, жұмыс тиімділігін жақсартуға мүмкіндік бермек.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ