ДИКТОР: 10 қазан – Дүниежүзілік инклюзия күні. Бұл дата - әр адамның физикалық немесе менталдық ерекшеліктеріне қарамастан, өзін толыққанды әрі тең құқықты қоғам мүшесі ретінде сезінуіне мүмкіндік беретін орта құрудың маңызын еске салады. Осы айтулы күнге орай Көкшетау қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы университетте «Инклюзивті білім беру және нейро алуантүрлілік» ғылыми-зерттеу зертханасының ашылуы өтті.
РКС: Ашылу салтанатына ғылыми орта өкілдері, облыстық білім басқармасының мамандары, «AMANAT» партиясының әйелдер қанаты мен инклюзивті білім беруді қолдайтын ұйымдардың мүшелері қатысты. Жаңа зертхана инклюзивті тәжірибелерді жетілдіру және білім беру саласында нейро алуантүрлілікті дамыту бағытындағы ғылыми ізденістерге арналған маңызды орталық болмақ. Бұдан бөлек, мұнда инклюзивті бағыттағы білікті мамандарды даярлау ісі де жүйелі түрде жүзеге асырылмақ.
СНХ: ДМИТРИЙ ЛЕПЕШЕВ, «ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУ ЖӘНЕ НЕЙРОАЛУАНТҮРЛІЛІК» ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ЗЕРТХАНАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ: Атап айтқанда, университетіміздің базасында дефектология және логопедия бағыттары бойынша білім беру бағдарламасын ашу жоспарлануда. Сонымен қатар, «Педагог-ассистент» және «Сурдотіл маманы» микробіліктіліктерін енгізу де көзделіп отыр. Алдағы уақытта серіктес ұйымдарымызбен бірлесе отырып, олардың базасында ғылыми зерттеулер жүргізіп, инклюзивті білім беру саласындағы өзекті мәселелерді анықтап, оларды шешу жолдарын қарастыру жоспарымызда бар.
РКС: Тағы бір маңызды бағыттардың бірі – мүмкіндігі шектеулі жандардың оқу бітіргеннен кейін еңбекке орналасу мәселесі. Бүгінде университетте ерекше білім беру қажеттіліктері бар 37 студент білім алып жатыр. Олар үшін қолайлы оқу ортасын қалыптастырумен қатар, болашақта мамандығы бойынша жұмысқа орналасуына жағдай жасау да басты назарда. Осы мақсатта университет бизнес-қоғамдастықтармен және өндіріс орындарымен ынтымақтастықты кеңейтіп, инклюзивті еңбек нарығын дамытуға өз үлесін қосуды көздеп отыр.
СНХ: АЙГҮЛ ЖАҚЫПОВА, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОРЕКТОРЫ: Біздің университет инклюзия бағыты бойынша екі негізгі бағытта жұмыс атқарып келеді. Оның алғашқысы – ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттерге жағдай жасау. Биыл мұндай студенттердің саны шамамен 37-ге жетті. Басты мақсатымыз – олардың өзге студенттермен тең дәрежеде білім алуына мүмкіндік беру. Осы орайда біз оқу-әдістемелік материалдармен қамтамасыз етіп, жеке кеңес беру жұмыстарын ұйымдастырамыз. Сондай-ақ, олардың өз әлеуетін толық ашуына мүмкіндік беретін қолайлы әрі қолжетімді білім беру ортасын қалыптастыруға баса назар аударамыз.
РКС: Айта кетейік, соңғы он жыл бойы университет инклюзивті білім беру саласында жүйелі ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Бұл бағытта әсіресе ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс жасауға басымдық берілген. Қазір аймақта осындай санаттағы 13 мың 500-ден астам бала бар. Осы жылдар ішінде бірнеше маңызды жобалар сәтті жүзеге асырылды. Ал өткен диалог алаңы барысында қатысушылар инклюзивті білім беруді дамытудағы өзекті мәселелерді ортаға салып, тиімді тәжірибелерді енгізу мен өзара ынтымақтастықтың нақты бағыттарын айқындады.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, АРАЙЛЫМ ШЫТЫРЫМБЕК, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ