ДИКТОР: Әлем бойынша Дүниежүзілік пошта күні аталып өтуде. Соңғы жылдары пошта байланысы айтарлықтай жаңарып, клиенттер үшін әлдеқайда ыңғайлы бола түсті. Бүгінде «Қазпошта» тек хаттар мен сәлемдемелерді жеткізумен ғана шектелмей, қаржылық, логистикалық және цифрлық қызметтердің кең ауқымын ұсынады.
РКС: Заманауи технологияларды енгізудің арқасында жеткізу қызметі жылдам, ал қызмет көрсету – қолжетімді бола түсті. Әсіресе шалғай елді мекендерде. Бұрын жеткізудің негізгі міндеті пошташылардың еншісінде болса, бүгінде бұл жұмыстың басты буыны – операторлар. Дәл солар күн сайын мыңдаған хат-хабар мен сәлемдемені қабылдап, өңдеп, қадағалайды.
СНХ: АЛМАГҮЛ ҚОШТАЕВА, №4 БӨЛІМШЕНІҢ БАЙЛАНЫС ОПЕРАТОРЫ: Біз көңіл-күйді көтеріп, әркім жақсы әсермен кетсе дейміз. Сәлемдемелерді де мүмкіндігінше қолжетімді етіп, бәрін жылдам жасағымыз келеді. Адамдар уақытын босқа іздеумен өткізбесін деп. Кейде ұзақ күттік деп айтып жатады ғой, бірақ шын мәнінде бізде ондай емес — бәрі тез әрі жүйелі түрде атқарылады. Адамдар келеді, кейбіреулері тіпті күніне бірнеше рет келіп, өз сәлемдемесін асыға күтеді. «Жолда келе жатыр ма екен?» деп бәрі бақылап отырады. Кейбірі телефоннан қарайды, ал кейбір әжелер сияқты қосымшаны білмейтіндер бізге келіп сұрайды. Бүгін Қазақстан бойынша дүниежүзілік пошта күні аталып өтуде. Осы мерекемен барлық әріптестерімді шын жүректен құттықтаймын! Ең бастысы – зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс тілеймін. Баршаңыздың көңіл-күйлеріңіз көтеріңкі, жүздеріңіз жарқын болсын!
РКС: Бүгінде оның құрамында 12 орталық операциялық орталық пен 5 қалалық филиалды қоса алғанда, барлығы 139 құрылымдық бөлімше бар. Өңірде жалпы 682 қызметкер еңбек етеді, олардың 143-і – операторлар.
СНХ: АЙЖАН ҚАПАРБЕКОВА, ОРТАЛЫҚ ОПЕРАЦИЯЛЫҚ УЧАСКЕНІҢ БАСТЫҒЫ: Салада он жылдан астам уақыт жұмыс істеп келемін. «Қазпошта» – еліміздің ең ірі пошта және қаржылық қызмет көрсететін ұлттық компаниясы. Халыққа сенімді әрі сапалық қызмет көрсету – біздің басты мақсатымыз. Маған бұл жұмыс ұнайды, өйткені біз күн сайын адамдармен, жаңа таныстармен жүздесеміз. Адамдарға көмектесіп, олардың қуанышымен бөлісеміз. Күн сайын сәлемдемелер қабылдап, жеткіземіз. Әр аймақтан жылы сәлем жолданып жатады, ал адамдардың қуанышын бірге сезіну – біздің ең үлкен жетістігіміз.
РКС: Цифрландыру үдерісіне қарамастан, пошта еліміздің шалғай аймақтары үшін байланыс пен қолдаудың маңызды арнасы болып қалады. Ол халыққа қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етіп, халықаралық және жергілікті маркетплейстер арқылы тапсырыстарды алуға мүмкіндік береді.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЖАНДОС САЙЛАУ, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ