ДИКТОР: Парламент Мәжілісінің 8 депутаты мен вице-министрлер жұмыс сапарымен Көкшетауға келді. Халық қалаулылары тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың іске асу барысымен танысып, маңызды әлеуметтік нысандарды аралады. Сондай-ақ, өңірде цифрлық шешімдердің енгізілуімен де танысты.
РКС: Депутаттар қайта жаңғырту бағдарламасы аясында салынған көппәтерлі тұрғын үйлерді аралап көрді. Аймақта 2029 жылға дейін 175 ескі үйді сүріп, 32 жаңа тұрғын кешенін салу жоспарланып отыр. Биылдың өзінде 13 ескі үй бұзылып, 2 тоғыз қабатты және 5 бес қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Нәтижесінде 405 отбасы жаңа пәтерге қоныстанды.
СНХ: ӘЛИ ӘЛИЕВ, «КӨКШЕ» ӘЛЕУМЕТТІК КӘСІПКЕРЛІК КОРПОРАЦИЯСЫ» АҚ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Қазір облыста Аршалы, Бурабай, Бұланды, Зеренді аудандарында және Көкшетау қаласында реновацияның 6 жобасы жүзеге асырылуда. Келер жылы Көкшетауда төрт үйді, ал облыс бойынша шамамен бес үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр.
РКС: Келесі нысан – белсенді ұзақ өмір орталығы болды. Мәжіліс депутаттарын орталықтың зейнет жастағы қатысушылары жылы қарсы алды. Ән мен шашудан басталған кездесу барлық қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Зейнеткерлер бұл орталыққа бос уақыттарын тиімді әрі көңілді өткізу үшін үлкен ықыласпен келеді. Солардың бірі – Қарлығаш Сүлейменова. Ол қарт жандарға көрсетіліп жатқан қамқорлық пен назарға ризашылығын білдіреді. Ол мұнда өзін жайлы сезінеді, жаңа таныстар тауып, би билеуге және дене белсенділігімен айналысуға әуестене бастаған.
СНХ: ҚАРЛЫҒАШ СҮЛЕЙМЕНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Мен бұрын ұстаз болып жұмыс істедім, қазір зейнеттемін, жасым 76-да. Мұнда спорттың барлық түрімен айналысамыз — маған өте ұнайды. Үйде көбіне жалғыз отырамыз, сөйлесетін адам да болмайды. Ал мұнда – құрбыларымыз бар, сырласатын жандар бар. Біз үшін бұл жер екінші үйіміздей — таңғы тоғыздан бастап осында келеміз, жұмысқа барғандай.
СНХ: ЮЛИЯ КУЧИНСКАЯ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
Әрине, осындай әлеуметтік мекемелерді көргенде ерекше қуаныш сезімі ұялайды — бұл, шын мәнінде, көңілге жылылық ұялататын жағдай. Біз қарт адамдарды тек Қарттар күнінде емес, әр күні естен шығармауымыз керек. Сонда ғана қоғамда үлкен буын өкілдеріне деген немқұрайдылық пен қатыгездік азаяды деп ойлаймын. Зейнет жасындағы адамдарды өмірдің шетіне ысырып қоймай, қайта оларды қоғам өміріне белсене тарту — бірлік пен тұрақтылықтың кепілі.
РКС: Одан кейін халық қалаулылары «Көк Шалғын» жобасымен танысты. Жоба аясында Даңқ аллеясы, Тәуелсіздік алаңы және Сағдиев көшесі қайта жаңғыртылған. Депутаттар балалар және спорт алаңдарын, воркаут аймақтарын жоғары бағалады. Кейін олар «Digital Aqmola» орталығына барып, онда облыс әкімі қонақтарды қарсы алып, өңірде цифрландыру бағытында атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады.
СНХ: АЙНА МҮСІРӘЛІМОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
Мен үшін осындай жағдайлардың жасалып жатқаны қуантады. Мысалы, «Digital Aqmola» орталығы мен Цифрландыру басқармасының жұмысы – соның айғағы. Есімде, біз алғашқы Цифрландыру басқармасын ашқанда ғимарат таңдап, жөндеу жұмыстарын өзіміз жүргізген едік. Қазір мұнда тамаша жағдай жасалған, жобалар да өте мазмұнды. Шынында да, өмірдің қарқыны сезіледі. Бұған қоса, Астана Hub филиалы мен Aqmola Hub-тың бірлесіп жұмыс істеуі – үлкен артықшылық. Менің ойымша, бұл жерде көптеген тың идеялар, игі бастамалар мен жобалар жүзеге асатын болады.
СНХ: АЙДАРБЕК ХОЖАНАЗАРОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: Менің ойымша, реновация бойынша жеке бағдарлама – еліміздің көптеген қала мен ауылдары үшін үлгі боларлық бастама. Өйткені бұл – жергілікті атқарушы органдар мен бизнес өкілдерінің өзара тиімді ынтымақтастығының нәтижесі. Мұнда бизнес өз міндеттерін орындай отырып, әлеуметтік мәселелердің шешілуіне де үлес қосуда. Өз басым айтар едім: Ақмола облысына идеясы бар, креативті әрі инновациялық көзқарастағы әкімнің жолыққаны – үлкен сәттілік. Біз қазір «Digital Aqmola» орталығындамыз – бұл жасанды интеллектті, соның ішінде аграрлық салада енгізудің жарқын мысалы.
РКС: Кездесу барысында облыс әкімі Марат Ахметжанов ауыл шаруашылығы саласындағы цифрландыру бағытында атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Сондай-ақ, ол қорытынды жасап, көрсеткіштерді одан әрі жақсарту және өз саласында жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізу қажеттігін айтты. Жалпы, депутаттар Көкшетау қаласында оң нәтижелер бар екенін атап өтті. Облыс елді мекендерінің сәулеттік келбеті жақсарып, инженерлік және коммуникациялық желілер біртіндеп жаңғыртылып, дамып келеді.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ