ДИКТОР: Көкшетау қалалық нөмірі 7 мектепте «Терме алаша тоқу технологиясы» тақырыбында танымдық мастер-класс өтті. Іс-шараны мектеп ұжымы, ата-аналар мен оқушылар бірлесе ұйымдастырды. Өскелең ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру мақсатында ұйымдастырылған шеберлік сағатының барысын тілшіміз Динара Нұрмұханова баяндайды.
РКС: Қазақтың қолөнеріне баули отырып, отбасы бірлігін бекемдеу және балалардың өнерге деген қабілетін ұштау аталған шараның басты мақсаты. Бұл жиын еліміздің білім беру ұйымдары ұсынған «Адал азамат» бағдарламасы аясында өтті. Бағдарлама жас ұрпақ бойына құндылықтарды сіңіріп, отаншыл, білімді, халқымыздың тарихы мен дәстүрін құрметтейтін, ана тілін терең меңгерген, еңбекқор да адал азамат тәрбиелеуді мақсат етеді. Ұмыт бола бастаған дәстүрлі өнер – терме, алаша тоқу шеберлік сабағы ұйымдастырылып, оқушылар ата-бабамыздың өрнекке бай, мәні терең өнерімен жақыннан танысты. Бұл – ұлттық мәдениеттің тамырына үңіліп, оны келешек ұрпаққа жеткізудің жарқын үлгісі.
СНХ: АЙСӘУЛЕ ӘЛІБЕКОВА, №7 МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ: Қолөнер халық тұрмысымен, өмірімен бірге біте қайнасып, дамып келе жатыр. Сан-алуан түрлі өнер бұйымдары ол тұрмысқа тек қана әсемдік, көркемдік беріп қана қоймайды, сонымен қатар адамға рухани ләззат сыйлайды. Қолөнердің ішінен ерекше атап өтетініміз, терме тоқу, ол қазақ халқының бұрыннан келе жатқан дәстүрлі өнері. Шебер сыныптың мақсаты жаңағы айтып кеткен ұрпаққа өзіміздің дәстүрлі өнерімізді дәріптеу, үйрету.
РКС: Мектеп мұғалімі Мәнсия апай бұл күні көпшілікке алаша тоқудың қыр-сырымен бөлісті. Ол алдымен көне құрал-саймандарын таныстырып, әрқайсысының қолөнердегі маңызын түсіндірді. Бұл өнерді Мәнсия апай анасынан бала кезде үйренген. Енді міне, ел ішінде ұмытылуға шақ тұрған алаша тоқу дәстүрін кейінгі ұрпаққа үйретіп, мұражай қорына қалдыруды өзіне аманат санайды. «Келемін, үйренемін деген адамға бәрін көрсетемін, тігуін де, тоқуын да үйретемін», – дейді ол.
СНХ: МӘНСИЯ СЕРДАЛИНА, МАТЕМАТИКА ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ: Мынау адарғы қылыш, осы қылыш арқылы қызыл мен көкті айырып тұрады арасын, мына жерде міне серу тартып жатыр, ол иін шашып тұруға, яғни жіптер бірімен бірі беттесіп кетсе, керіп тұрады. Енді осыны құрып алғаннан кейін қазір алып шығамыз, алып шығып қайтадан жинап тартып алып екі неге тартып узор бастаймыз терме қылыш арқылы. Міне, мынау терме қылыш, мынау қақпа қылыш. Сол қылыштар арқылы санап отырып теріп отырамыз. Біз енді современный математика тілінде айтсақ, ромбик шығу керек 50 жіптен. Жіптерді біз екі-екіден аламыз.
РКС: Шеберлік сабағына ата-аналар, мұғалімдер мен оқушылар ғана емес, үлкен әжелер де қатысып, бірге үйреніп жатыр.
СНХ: АЛМАГҮЛ БІРІМЖАНОВА, АТА-АНА: Осы биыл біздің мектеп мұғалімі осындай шараны ұйымдастырылып отыр. Сол осындай текемет шығаруға бізді үйретіп жатыр. Ата-аналар, мұғалімдер, оқушылар қатысып, үйреніп жатырмыз. Мен әжесі болып бірінші сыныптың, Шойынбекова Гүлназдың қатынасып жатырмын.
РКС: Бұл – ұрпақтар сабақтастығын сақтап, көне өнерімізді кейінгі буынға табыстаудың жарқын үлгісі.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЕВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ КӨКШЕ АҚПАРАТ