ДИКТОР: Жыл басынан облыстық сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаментіне мыңға жуық ақмолалық жүгінген. Азаматтарға 43 миллион теңгеден асатын қаражатты қайтаруға көмек көрсетілді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының негізсіз қымбаттаған жағдайлары да әшкереленуде. Тұтынушылардың заңды мүдделерін қорғау бойынша өңірде атқарылып жатқан жұмыс туралы әріптесім әңгімелейді.

РКС: Бағаны тұрақтандыру мақсатында облыстық бюджеттен шамамен 3,5 миллиард теңге бөлінді. Қала тұрғындарының қажеттілігін қамтамасыз ету үшін биылғы күзгі егістен жиналған көкөністерге келісімшарт жасалды. Тұрақтандыру қорындағы тауар қоры 4 мың тоннадан асады. Аталған өнімдер Көкшетаудың бірқатар дүкендерінде сатылуда. Дегенмен, кей жеке кәсіпкерлер әлеуметтік маңызы бар өнімдерге бағаны әлі де көтеруде.

СНХ: САМАТ САЙДАЛИН, ОБЛЫСТЫҚ САУДА ЖӘНЕ ТҰТЫНУШЫЛАР ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларына бағаның негізсіз көтерілуін болдырмау және делдалдық схемаларды әшкерелеу бойынша жүргізілген жұмыстар аясында бизнес субъектілерінің 174 құқықбұзушылығы тіркелді. Тексерістер нәтижесінде 7 кәсіпкерге әкімшілік жаза ретінде ескерту жасалып, 167 субъектіге жалпы соманы 1 миллион 500 мың теңгені құрайтын әкімшілік айыппұл салынды. Осы орайда 7 субъекті қайталама бұзушылыққа жол беріп, сауда үстемесін 15 проценттен асырып жіберген.

РКС: Соңғы 9 айда облыстық сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаментіне жүгінген тұрғындардың 628 өтініші оң шешімін тапты. Қалғандары әлі де қарастырылуда. Негізінен, әкімшілік жауапкершілікке тарту шаралары кәсіпкерлердің заңнама талаптарын орындамауына байланысты қолданылады. Ал тұтынушының өтінішіне 10 күнтізбелік күн ішінде жауап берілуі тиіс.

СНХ: САМАТ САЙДАЛИН, ОБЛЫСТЫҚ САУДА ЖӘНЕ ТҰТЫНУШЫЛАР ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Азаматтардың өтініштеріне байланысты жоспардан тыс 20 тексеріс ұйымдастырылып, нәтижесінде 20 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Салынған айыппұлдардың сомасы 300 мың теңгеге жуық. Бұдан бөлек, өтініштерді қарау барысында «тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» қазақстан республикасы заңының 33-2-бабы талаптарының көптеген бұзылу деректері анықталды. Аталған бапқа сәйкес, сатушылар тауар сатылатын орындарда уәкілетті органның, сондай-ақ тұтынушылар дауларын сотқа дейінгі тәртіпте шешумен айналысатын субъектілердің байланыс деректерін – мекенжайы мен телефон нөміріне дейін – орналастыруға міндетті. Осындай тұтынушы бұрышы әрбір тауар сататын немесе қызмет көрсететін жеке кәсіпкерде болуы қажет.

РКС: Айта кетейік, биыл қыркүйектің 25-нен қазанның 30-на дейін өңірде «береке fest» республикалық акциясы өтуде. Шара аясында шаруалар өнімдерін делдалсыз тікелей сауда желілеріне жеткізуде. Бұл бастама әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын тұрақтандыруға және отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған. Осының нәтижесінде ішкі сұраныс артып, халық қолжетімді бағада сапалы өнімге қол жеткізуде.

СӘНИЯ ЕСИМСЕЙІТОВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ