ДИКТОР: Бурабай ауданында жетім балаларға мемлекеттік тұрғын үй бөлу кезінде заң бұзушылықтар анықталды. Нақтырақ айтқанда, тұрғын үй кезегін сақтамау, пәтерді құжатсыз беру, тіпті қағаз жүзінде баспана берілгенімен пәтер иесі онда тұрмайтыны анықталды. Әдеп жөніндегі кеңес отырысында тұрғын үй комиссиясының мүшелеріне қатысты тәртіптік іс қаралды.

РКС: Бурабай аудандық прокуратурасымен 2017-2024 жылдар аралығында Мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана бөлуге қатысты тұрғын үй заңнамасының сақталуына талдау жүргізілді. Тексеру барысында жетім балалардың баспана алуына баса назар аударды.

СНХ: ЖАНҚОЖА ӘБИБУЛЛА, БУРАБАЙ АУДАНЫНЫҢ ПРОКУРОРЫ: Тексеру барысында бірқатар бағыт бойынша заң бұзушылық анықталды. Атап айтқанда, тұрғын үй алуға кезекте тұрғандардың есебін дұрыс жүргізбеу. Кезек тәртібі де бұзылған. Одан бөлек, себепсіз тұрғын үй кезегінен шығарған. Комиссия қызметінің процедуралық бұзушылықтары да анықталды. Сонымен қатар, тұрғын үйді пропорционалды бөлу әдістемесін дұрыс қолданбады. Кәмелетке толмаған жетім балалардың конституциялық құқықтары да бұзылған.

РКС: Алайда, прокурордың кейбір айыптаулары расталмады. Мәселен, тұрғын үй комиссиясы алдымен бұрын кезекте тұрғандарға баспана берді. Олардың айтуынша, қолданыстағы заңнама тиісті елді мекенде тұрақты тұратын азаматтарды ғана баспанамен қамтамасыз етеді. Сондықтан тұрғын үйді бөлу кезінде кезекте тұрғандардың біразы тиісті талаптарға сай келмеген.

СНХ: ТЕМІРЛАН ТІЛЕУЖАНОВ, БУРАБАЙ АУДАНДЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ КОМИССИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ: Бурабай ауданында балалар үйі бар. Онда келген жетім балаларды мекеме бірден кезекке қояды. Бірақ, 3 жасқа толмағандықтан оларды кезекке қою мүмкін емес. 3 жасқа толғаннан кейін ғана баланы өңір бойынша, тіпті республика бойынша кезекке тіркейді. Яғни, тұрғын үй қатынастары туралы заң бойынша баспана беріледі. Бұл тіпті бала құқығы туралы заңда да қарастырылған. Бала Ақкөл ауданында немесе Қарағанды қаласында кезекте тұрса, біз оны "kezekte.kz" жүйесі арқылы қараймыз.

РКС: Сонымен қатар, бірқатар жағдайда тұрғын үй тек кәмелеттік жасқа толғандарға ғана берілді. Нәтижесінде тізімдер түзетілді. Тәртіптік жаза мерзімі өтіп кеткендіктен, тұрғын үй комиссия мүшелерін жазаға тарту мүмкін болмады. Оның үстіне, прокуратура кейбір заңбұзушылықтарды дәлелдей алмады. Сондықтан, тұрғын үй комиссия мүшелеріне қатысты тәртіптік іс тоқтатылды.

ЛАУРА ДӘУЛЕТБЕК, АРАЙЛЫМ ШЫТЫРЫМБЕК, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, КӨКШЕАҚПАРАТ