ДИКТОР: Педагог мәртебесін көтеру – білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Бүгінде мұғалім – тек білім беруші ғана емес, сонымен қатар көшбасшы, тәлімгер, болашақ ұрпақтың санасын қалыптастырушы тұлға. Біздің өңірімізде осындай жанның бірі – №20 мектеп-гимназиясының орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Галина Байзакова. Ол отыз жылдан астам уақыт бойы білгенін үйретіп, шәкірттерін жаңа жетістіктерге шабыттандырып келеді.
РКС: Ғалия апай жастайынан өз бағытын айқындаған жан. Көп балалы отбасында өсіп, ерте жастан бауырларына сабақ оқуға көмектескен ол ұстаздыққа деген сүйіспеншілігін сол кезде-ақ тапқан. Бүгінде ұзақ жылдық тәжірибесі бар педагог әлі де өз ісіне зор құлшыныспен кірісіп, кәсіби тұрғыда дамудан танған емес. Үздіксіз білім алу, біліктілікті арттыру курстарынан өту оған заманауи әрі тиімді әдістерді меңгеруге жол ашты. Қазіргі таңда ол сабақтарында сын тұрғысынан ойлауды дамыту, цифрлық технологияларды пайдалану, саралап оқыту сияқты заманауи тәсілдерді табысты қолданып келеді.
СНХ: ҒАЛИЯ БАЙЗАҚОВА, №20 МЕКТЕП ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ҰСТАЗЫ: Цифрлық құралдар уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді. Сабақтарды қызықты етеді. Биыл біз жасанды интеллектті де пайдалана бастадық. Әдеби шығармаларды талдап, өз білімімізді жасанды интеллект арқылы тексеріп жүрміз.
РКС: Шәкірттердің жетістігі – ұстаз еңбегінің нәтижесі. Оқушылар халықаралық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр.
СНХ: КАМИЛА АЙТҚОЖИНА, ОҚУШЫ: Ғалия Майданқызы – менің ең сүйікті ұстаздарымның бірі. Мұғалім сабақ жүргізгенде цифрлық технологияларды пайдаланады. Соның арқасында жұмыс барысы қызықты әрі креативті өтеді. Осының нәтижесінде біз көп нәрсені үйреніп, жаңа білім аламыз, ұстазымызға үлкен рахмет.
РКС: Мектеп қабырғасынан тыс жерде ол – мейірімді ана, жануарларды жақсы көретін, волонтёрлікпен айналысатын жан. Оның басты құндылықтары – мейірім мен адамгершілік. Осы қасиеттерді ол өз шәкірттерінің бойына да сіңіруге тырысады.
СНХ: ҒАЛИЯ БАЙЗАҚОВА, №20 МЕКТЕП ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ҰСТАЗЫ: Жұмыстан бөлек, мен волонтёрлікпен де айналысамын. Мектепте біз пластикалық бөтелкелерді жинап, оларды қабылдау пунктіне тапсырамыз. Ал түскен қаржыға иттерге арналған жем сатып аламыз.
РКС: Ғалия Байзақова есімі үлкен әріппен жазылатын ұлағатты ұстаз,- дейді шәкірттері. Ол өз кәсібі үшін жанын салып, таңдаған ісіне адал жан. Жас буынды тек білімге ғана емес, адамгершілікке де тәрбиелеп жүрген еңбек адамы.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ