ДИКТОР: Ақмола облысындағы шаруа қожалығына жер телімінің жалға алу мерзімін ұзартуда негізсіз рұқсат берілмеген. Шаруашылықтың құқықтары өңірлік мемлекеттік қызмет істері департаменті мамандарының араласауымен қорғалды. Енді Бурабай өңірінің кәсіпкері 25 мың гектар алқапта 6 мың басқа дейін бизон, яғни жабайы өгіз өсірумен айналыса алады. Толығырақ әріптесім баяндайды.

РКС: Бұл кәсіпкер жерді ауыл шаруашылығы өндірісі үшін пайдаланып отыр. Мұнда мыңнан астам ірі қара мен жылқы бар. Сонымен қатар, бірегей инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Шаруашылықтың бастамасымен ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру ережелеріне өзгерістер енгізілді. Енді бұл жерде дала бизондары өсірілмек. Алғашқы әкелінген бұқалар жергілікті климатқа бейімделіп үлгерді. Алайда, бұған дейін оларға жер телімін жалға алу мерзімін ұзартудан бас тартылған еді.

СНХ: РУСЛАН РАҚЫМЖАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ: Әртүрлі дәлелді себептерге байланысты, шаруашылық Біржан сал ауданының жергілікті атқарушы органына жаңа мерзімге шарт жасасу ниеті туралы уақытылы хабар берілмеген. Бұл мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартуға негізі болды. Сонымен қатар, әкімдіктің пікірінше, жер пайдаланушы мал жаю нормативтерінің талаптарын сақтамаған.

РКС: Аудандық әкімдіктің жалға алу мерзімін заңсыз ұзартпай тастағанына байланысты, шаруа қожалығы облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментіне шағымданды. Заңнамаға сәйкес, жер пайдаланушы жалға алу шартын ұзарту ниеті барын оның мерзімі біткенге дейін 3 ай бұрын уәкілетті органға жазбаша түрде хабарлауы тиіс. Өз міндеттерін тиісті деңгейде орындаған жалға алушы бұл жағдайда өзге тұлғаларға қарағанда басым құқыққа ие болады.

СНХ: НҰРСҰЛТАН ШЫТЫРЫМБЕК, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің пропорционалдылық қағидатына сәйкес, әкімшілік рәсімді жүзеге асыру барысында қоғам мүдделері мен рәсімге қатысушылардың әділ теңгерімі сақталуы тиіс. Егер әкімшілік акт нәтижесінде өтініш берушіге түсетін зияннан қоғамға деген пайда кобірек болса, онда әкімшілік акт пропорционалды болып есептеледі. Осыған орай, шағым келтірілген бас тартуды мөлшерлестік қағидатына сәйкес емес деп танып, Департамент аудан әкімдігіне өтініш берушінің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру туралы шешім енгізілді.

РКС: Сондай-ақ нормаларға сәйкес, жер пайдаланушының мал жаю нормативтерін сақтамағаны тексеріс арқылы расталуы тиіс. Алайда жергілікті атқарушы органдар уәкілетті органға жүгінбегендіктен, мұндай мониторинг жүргізілмеген, – деп түсіндірді мемлекеттік қызмет істері департаментінде. Нәтижесінде қабылданған шешім бойынша кәсіпкердің құқығы қорғалды. Жергілікті атқарушы орган қожалықпен жер телімін жалға алу туралы шартты жаңа мерзімге жасады.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.