ДИКТОР: Биыл «Заң және тәртіп» қағидасы аясында Жарқайың ауданына қарасты Далабай ауылының тұрғындары өз еркімен елді мекен аумағында алкоголь өнімдерін сатудан бас тартты. Араға бірнеше ай салып, бұл бастаманың алғашқы оң нәтижелері байқалды. Ауылда тыныш әрі қолайлы ахуал орнығып, қоғамдық тәртіптің жақсарғаны және тұрғындардың өмір сапасының артқаны едәуір байқалады.
РКС: Далабай ауылында 60 үй бар, олардың ішінде 4-5 отбасы этнос өкілдері. Соңғы айларда елді мекен аумағында бірде-бір қылмыс тіркелмеген – дейді тәртіп сақшылары. Соған қарамастан, учаскелік полиция инспекторы қырағылығын жоғалтпай, күн сайын профилактикалық әңгімелер жүргізіп, тұрғындармен кездесулер ұйымдастырып келеді.
СНХ: РАҚАТ ҚАБДӨШ, ЖАРҚАЙЫҢ АУДАНЫ ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ ПРОКУРОРЫ: Далабай ауылының жергілікті тұрғындарымен кезекті жиналысын өткіздік. Осы жиналыста өсекті мәселелер талқыланып, заңмен белгіленген тәртіптер шешілді. Негізгі мәселе ауыл тұрғындарының алкогольды сусындардан бас тартуы.Осы ұсынысты жергілікті тұрғындар мен қариялар қолдап, ауыл түбегейлі ішімдіктен бас тартты. Аталған жұмыс әлі де жалғасуда.
РКС: Ауыл ақсақалдары мен белсенді тұрғындар бұл бастаманы қолдап, жас ұрпақтың қауіпсіздігі мен денсаулығын қорғауда маңызы зор екенін атап өтті. Қабылданған шешім салауатты әрі қауіпсіз ауылдық ортаны қалыптастыруға бағытталған хаттамамен бекітілді. Тұрғындардың айтуынша, алкоголь өнімдерінен бас тарту ауыл өміріне оң ықпал еткен. Елді мекенде қоғамдық бірлік нығайып, құқықбұзушылық тәуекелдері азайған.
СНХ: БЕРІК СЕЙІТҚАЛИЕВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ: Қазір жастардың көбі ішпейді, ол дұрыс. Мамыр айынан істеп жатқан жұмысымыз осы. Ауылымыз арақ ішпейді, әрі арақ сатылмайды. Ұрыстың бәрі арақтан болады, бұл үйдің тыныштығына жақсы. Арақ деген бәлені ешкім жеңбеген. Ел болып, жақсы тұрамыз деп ішімдік сатпаймыз деп уәдені беріп, сол уәдені ұстап келе жатырмыз.
РКС: Мұндай қадамдар мемлекеттік «Заң және Тәртіп» идеологиясын жүзеге асыруға өз үлесін қосуда. Бұл – прокуратура органдарының, жергілікті биліктің және ауыл тұрғындарының бірлескен еңбегі нақты нәтижелерге қол жеткізе алатынының дәлелі. Жарқайың ауданында Далабайдың бастамасын өзге елді мекендер де қолдап отыр. Атап айтқанда, Тассуат ауылы да алкоголь өнімдерін сатудан өз еркімен бас тартып, тұрғындардың салауатты әрі қауіпсіз орта қалыптастыруына оң ықпалын тигізуде.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ