ДИКТОР: Сенат Парламентінің Қаржы және бюджет комитетінің мүшелері жұмыс сапарымен Ақмола облысына келді. Олар өңірде мемлекеттік қаржының тиімді пайдаланылу барысымен танысты. Депутаттар Макинск қаласы мен Бурабай ауданындағы бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралады. Сапар қорытындысында Комитеттің көшпелі отырысы өтіп, онда жаңартылған заңнама аясында бюджет үдерісін іске асыру мәселелері қаралды.

РКС: Макинск қаласында төрт жылдан бері май экстракциялық зауыты жұмыс істеп келеді. Кәсіпорында соя, күнбағыс пен рапс тұқымдары өңделеді. Зауыттағы өндірістік үдеріс толықтай автоматтандырылған. Бір ауысымда алты маман жұмыс істейді. Бүгінде кәсіпорынның тәуліктік қуаттылығы 600 тонна. Қазір өндіріс көлемін ұлғайту шаралары қолға алынған. Жыл соңына дейін протеин мөлшері жоғары өнім өндіретін екі жаңа цехты іске қосу жоспарланып отыр.

СНХ: ВАСИЛИЙ БОРЕВИЧ, «БОТА-2015» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Қазір мұнда қабықтан тазарту цехы салынуда. Бұл бөлімде күнбағыс тұқымын өңдеу көлемі артады. Сондай-ақ жанында грануляция цехы бой көтеруде. Оның құрылысы өткен жылы басталған. 1-ші қарашаға дейін аяқталып, пайдалануға беріледі. Бұдан кейін бір ай көлемінде цехты іске қосу және реттеу жұмыстары жүргізілмек. Жаңа жылға дейін толық жұмыс істей бастайды деп жоспарлануда. Жоба зауыттың өндірістік қуатын шамамен 100 тоннаға арттыруға мүмкіндік береді.

РКС: Кәсіпорын жұмысымен танысу барысында халық қалаулылары бюджетке төленетін төлемдерге қатысты мәселелерді көтерді. Мұнда салықтың артуы өндіріс көлеміне ықпалы, сондай-ақ, өнімнің өткізілуі мен сұранысы талқыланды. Сапар аясында сенаторлар Бурабай ауданындағы инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асу барысымен танысты. Олардың қатарында Шиелі ауылындағы су құбыры желілерінің құрылысы, Атамекендегі көше жарығы және Қатаркөлдегі жол жұмыстары бар. Соңғы екі жылда аудандағы бес елді мекенде мәдениет үйлері салынды Қатаркөл ауылындағы жаңа мәдениет үйі жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Сондай-ақ аудан әкімі Арай Садықов су жүйелерін тарту бойынша жобаларды таныстырды. Оның айтуынша, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 11 елді мекеннің 10 мыңнан астам тұрғыны таза ауыз сумен қамтылды. Сапар қорытындысы бойынша Бурабай ауданында жаңа Бюджет кодексі жағдайында бюджет үдерісін жүзеге асыру мәселелеріне арналған көшпелі отырыс өтті. Жиынға Сенат депутаттары, Ақмола облысы әкімінің орынбасары, Ұлттық экономика министрлігінің және өзге де мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Отырысты ашқан Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Сұлтанбек Мәкежанов жаңартылған Бюджет кодексінің басты мақсаты – мемлекеттік қаржының тиімділігін арттыру екенін атап өтті. Ақмола облысы жаңа тәсілдерді жан-жақты талқылап, бюджеттерді қалыптастыру мен атқарудың механизмдерін егжей-тегжейлі қарастыратын маңызды алаңға айналды, – деді ол. Көшпелі отырыста Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин, облыс әкімінің орынбасары Ернар Жәркешов және Бурабай ауданының әкімі Арай Садықов сөз сөйледі. Олар жаңа заңнаманы жүзеге асырудың практикалық қырларына тоқталып, оның өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпалын жан-жақты баяндады.

СНХ: НҰРЛАН БЕКЕНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ: Біз мемлекеттік органдардың, оның ішінде Ұлттық экономика бірінші вице-министрінің, Қаржы және Энергетика министрліктерінің қатысуымен көшпелі отырыс өткіздік. Әңгіме ашық әрі мазмұнды болды. Қойылған сұрақтар өте көп, оның ішінде жалпы сипаттағы трансферттер мен басқа да өзекті мәселелер қозғалды. Жергілікті депутаттар жылу электр орталығы, Заречный кентінің жағдайы жөнінде сұрақтар көтерді. Негізінен, сөз ауызсу, электр энергиясы және жылумен қамтамасыз ету мәселелеріне келіп тірелді. Әсіресе, Щучинск қаласында жылу беру жүйесі бойынша ахуал күрделі. Осы түйткілдердің барлығы мемлекеттік органдардың назарына жеткізілді.

РКС: Үдерістерді оңтайландыру бюджетаралық қатынастардың ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған, – дейді отырыс қатысушылары. Жиында тұрғын үй құрылысы, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңғырту, жылумен қамтамасыз ету, кәріздік тазарту құрылыстарын жөндеу мәселелері қаралды. Соныдай-ақ, мемлекеттік органдардың өкілдері депутаттардың сауалдарына жауап берді.

СНХ: ЖАННАТ ДҮБІРОВА, ҚР ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС ВИЦЕ-МИНИСТРІ: Республикалық бюджет аясында Ақмола облысына әртүрлі жобаларды жүзеге асыру үшін белгілі бір қаражат қарастырылғанын түсіндірдік. Алайда осы трансферттердің бөлінуі жергілікті деңгейде жүзеге асырылады. Яғни, өңір әкімдері қаржыны салалар арасында – су, жылу және өзге де қажетті бағыттарға – өздері қайта бөлуге құқылы. Сондай-ақ, қазір «Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасы іске асырылып жатқанын атап өткен жөн. Бұл жоба желілерді қайта құруға және жаңғыртуға бағытталған. Ақмола облысы аталмыш ұлттық жобаны тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын жаңғыртуда белсенді пайдаланған жетекші өңірлердің бірі.

РКС: Комитет төрағасы өңірлерде өткізілген практикалық талқылаулар жаңа Бюджет кодексінің нормаларын іске асырудың тиімділігін кешенді бағалауға және проблемалық мәселелерді дер кезінде анықтауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Алдағы уақытта бұл ескертулер бюджет қалыптастыру мен трансферттік механизмді жетілдіруде, сондай-ақ заңнаманы әзірлеу барысында назарға алынатын болады. Бюджет жүйесіндегі өзгерістер ең алдымен халықтың игілігіне қызмет етіп, инфрақұрылымды дамытуға және өмір сүруге қажетті мәселелерді шешуге бағытталуы тиіс.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.