ДИКТОР: Көкшетауда «Чинсон» корей мәдени орталығының 35 жылдық мерейтойы аталып өтті. Өңірдегі алғашқы этномәдени бірлестіктердің бірі саналатын бұл ұйым бүгінде корей халқының дәстүрін, тілін және өнерін белсенді түрде насихаттап келеді.
РКС: 1990 жылы құрылған «Чинсон» орталығы - өңірдегі корей диаспорасының алғашқы мәдени бірлестіктерінің бірі. Бүгінде орталық жанынан корей тілі мектебі, «Мисо» би тобы және дәстүрлі аспаптар ансамблі «Самульнори» жұмыс істейді. Ұжым мүшелері облыстық іс-шаралар мен республикалық фестивальдерге белсене қатысып, көпшілікті корей халқының салт-дәстүрі мен мәдениетімен сусындатуда.
ИНТЕРШУМ:
СНХ: ДАВИД ЛИ, «ЧИНСОН» КОРЕЙ МӘДЕНИ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МҮШЕСІ: Бүгін біз ұлттық корей барабандарында ойнаймыз. Бұл аспаптардың шығу тарихы өте қызық. Алғашында үлкен барабандар соғыс кезінде белгі беру үшін жасалған — мысалы, бір соққы бір белгі дегенді білдіретін. Кейін, соғыс аяқталған соң, барабандар ежелгі дәстүрлер бойынша жын-шайтанды қуып, үйге жақсылық шақыру мақсатында қолданылған. Адамдар барабан соғып ойнағанда, жаман рухтар барабан үнімен бірге кетеді деп сенген. Осылайша корей барабандарының дәстүрі қалыптасқан. Уақыт өте келе бұл дәстүр музыка өнеріне айналды. Біз Кореядан әуендер алып келіп, соларды орындай бастадық. Көптеген корейлер Ташкент маңында қоныстанған. Сол жерде менің әкем дүниеге келген, кейін ол осында қоныс аударған.
РКС: Мерекелік жиынға Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, өңірдегі этномәдени бірлестіктер және Корея Республикасынан арнайы келген меймандар қатысты. Қонақтар өз сөздерінде «Чинсон» орталығының ұлтаралық келісімді нығайтудағы және ұлттық мәдени мұраны сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізудегі маңызды рөлін ерекше атап өтті.
СНХ: ЧЖО ТЭ-ИК, КОРЕЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕЛШІСІ: Ақмола облыстық корейлер қауымдастығын 35 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Келесі 35 жылда да Ақмола корейлер қоғамы баршаңызды біріктіріп, халқымыздың бірегейлігін нығайта береді деп сенемін. Сондай-ақ өткен ғасырдағы мәжбүрлі қоныс аударудың ауыр кезеңдерін бастан өткерген корей халқын жылы қабылдаған Қазақстан халқына ерекше алғысымды білдіремін. Корей мәдени орталығының барлық мүшелерін мерейтоймен құттықтаймын және қызметтеріңізге табыс тілеймін. Ақмола облысында сіздер сақтап, дамытып жүрген корей халқының дәстүрлері Қазақстан халықтарының арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайта берсін!
РКС: Бүгінде өңірде 2 мыңға жуық корей ұлтының өкілі тұрады. Саны аз болғанымен, қауымдастық өңірдің қоғамдық және мәдени өміріне белсене атсалысып жүр. «Чинсон» корей мәдени орталығы Қазақстан халықтарының достығы мен бірлігінің, өзара түсіністік пен құрметтің символына айналып, осы бағыттағы игі істерді жалғастырып келеді.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЖАНДОС САЙЛАУ, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ