ДИКТОР: «Арна» Көкшетау жоғары колледжінде студенттер «Заң және тәртіп» тақырыбында полиция өкілдерімен кездесті. Бас қосуды Ақмола облысының жастар ресурстық орталығы мен Ақмола облысы полиция департаменті бірлесіп ұйымдастырды. Құқық қорғау өкілдері білім алушыларға қандай ақпарат жеткізді? Шараға қатысып келген тілші баяндасын.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Кездесу барысында студенттерге киберқауіпсіздік тақырыбына арналған бейнебаян көрсетілді. Құқық қорғау органдарының өкілдері студенттерге құқықтық мәдениеттің маңызы мен қоғамдағы рөлін түсіндіріп, құқық бұзушылықтың алдын алу жолдарын жан-жақты баяндады. Сондай-ақ, заңды сақтау – әрбір азаматтың басты міндеті екені ерекше атап өтілді. Әр спикер өз бағыты бойынша баяндама жасады.

СНХ: ШЫҢҒЫСХАН ЕЛЕШ, «ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ» NEET-САНАТЫНДАҒЫ ЖАСТАРМЕН ЖҰМЫС ЖӘНЕ КЕҢЕС БЕРУ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: Біз Ақмола облысы Жастар ресурстық орталығы студенттермен кезекті «Заң және тәртіп» аясында кездесуімізді өткізіп жатырмыз. Бүгін Арна Көкшетау жоғары колледжінде және алдағы уақытта тағы да көптеген оқу орындарымен, студенттермен кездесу өткізуді ұйымдастырмақшымыз. Біз қазір енді оқу жылы басталғаннан кейін өте белсенді түрде, өйткені бірінші курс студенттері барлық жан-жақтан келеді. Оларға міндетті түрде қылмыс, түрлі машеннишество дейді ғой орысша айтқанда соның бәрінің алдын алу керек. Сондықтан біз жастарға дұрыс ақпараттандыру жүргізуіміз керек. Киберқауіпсіздікке және ұйымдасқан қылмыстық топ соларға қарсы және де ювиналды полиция өкілдері келіп, әрқайсы спикер ретінде қатысып, жастарға түсіндірме жұмыстарын өткізіп жатыр.

РКС: Жастарға қаржылық тұрғыдан сауатты болу, цифрлық гигиенаны сақтау және заман ағымына ілесу қажеттігі ерекше жеткізілді. Цифрлық технология дәуірінде интернет кеңістігінде қауіпсіздік ережелерін сақтау – әр азамат үшін маңызды. Осы ретте мамандар белгісіз сілтемелерге өтпеуге, күмәнді қаржыландыру мен инвестиция түрлерінен бас тартуға, банктік шоттарды бөгде адамдардың пайдалануына жол бермеуге шақырды. Сонымен қатар алдын ала төлемге келіспеу, құпия сөздер мен SMS-кодтарды жария етпеу – интернет алаяқтарынан қорғанудың ең басты кепілі екені айтылды. Қазіргі таңда аталмыш шара республика деңгейінде жүзеге асырылуда.

СНХ: БЕКЗАТ НАЗАРОВА, ПОЛИЦИЯ МАЙОРЫ: Бірінші курс студенттеріне интернет-алаяқтықтың не екені, алаяқтардың қақпанына қалай түспеу керектігі, өзіңді, туған-туыстарыңды және жақындарыңды қалай қорғау жолдары түсіндірілді. Сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 232-бабының 1-тармағына енгізілген өзгерістер жөнінде, дропперлік пен дроповодство үшін қандай жауапкершілік қарастырылғаны айтылды. Өткен аптада біз Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде де студенттермен кездесіп, Ұлттық банк өкілдерімен бірге ақпараттық жұмыс жүргіздік. Бұл жоба қазір республика көлемінде жүзеге асырылып жатыр.

РКС: Кездесуге қатысқан жастар өздеріне қажет маңызды ақпарат алып, оны күнделікті өмірде қолданудың маңыздылығын түсінді.

СНХ: ӘБІЛҚАЙЫР АМАНБЕК, КОЛЛЕДЖ СТУДЕНТІ: Қазіргі таңда жастардың әректеттеріне байланысты және заңдарға байланысты департаменттен адамдар келіп заңнамалықтың жүйелерін түсіндіріп, арнайы қағаздар таратып, адамдардың қалай қорғану керектігін бүгін түсіндіріп отыр арнайы полициядан адамдар келіп. Бұл жастардың түрлі жағдайлардан қорғануына көмек береді. Заңнамалық әректтер жастардың өздерінің тәртібіне байланысты және олардың, жастардың әрекеттері түрлі агрессивтік әрекеттермен көбейіп жатыр.

РКС: Жас буын өкілдері өз құқығын біліп, заңды құрметтеуі керек. Өйткені құқықтық сауатты ұрпақ – қауіпсіз қоғамның кепілі. Осындай шаралар арқылы жастар тек қана заң алдындағы міндеттерін емес, сонымен қатар өздерінің мүмкіндіктерін де терең түсінеді. Студенттің құқықтық мәдениеті жоғары болса, ертеңгі күні әділетті, өркениетті қоғам құруға қосар үлесі де соғұрлым зор болмақ.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ