ДИКТОР: Зеренді ауданында көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында Шағалалы өзенінің бассейнінде мұз жару жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 2400 шаршы метр аумақта мұз ойылды. Бұл шара күн жылынғанда қалың мұз сеңі бөгетке айналмай, еріген судың кедергісіз көлге құюы үшін жасалады.

РКС: Зеренді ауданында су тасқыны қаупі бар бес елді мекен бар. Олар - Айдабол, Алексеевка, Ивановка, Троицкое және Шағалалы ауылдары. Қазір бұл елді мекендер ерекше бақылауға алынған. Мамандар тасқынның алдын алу шараларын күшейтіп, өзен арналары мен қауіпті учаскелерді тұрақты бақылауда ұстап отыр. Синоптиктер наурыздың соңына қарай күн күрт жылынуы ықтимал екенін айтады. Сондықтан мұз кептетілуі мүмкін аумақтарды алдын-ала дайындау маңызды.

СНХ: СЕРІК ИСАХАНОВ, ЗЕРЕНДІ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Шағалалы ауылында көктемгі су тасқынына қарсы шаралар өтуде. Бұл жерде мердігер «БВР техно-сервис» аталған жұмыстарды атқаруда. Яғни, мұз жару жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар ауданда көктемгі су тасқынына қарсы іс-шаралар жалғасуда. Қар шығару, арықтар мен каналдарды тазалау.

РКС: Тасқын кезеңінде шұғыл әрекет ету үшін қажетті техника да сақадай сай. Сондай-ақ аудан бойынша тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру үшін 22 эвакуациялық пункт белгіленген. Жалпы өңірде су тасқыны кезеңіне дайындық қызу. Аймақтағы 19 өзенде мұз кептелуі мүмкін 94 қауіпті учаске анықталған. Алдағы күндері осы өзендердегі мұзды жару және бөлшектеу жұмыстары жалғасады.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ