ДИКТОР: Ата Заңдағы өзгерістер елдің инновациялық дамуына серпін беріп, әділетті қоғам қалыптастыруға жол ашпақ. Аймақ ұстаздары мен студенттерінің пікірі - осындай. Бүгін Көкшетауда педагогикалық қауымдастықтың және студенттердің қатысуымен «Әділетті Ата Заң – Қуатты мемлекет» тақырыбында кездесу өтті. Ауқымды шараға 500-ге жуық адам қатысты. Олар жаңа Конституция жобасының маңызын талқылап, ой-пікірлерін ортаға салды.
STAND-UP: ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ТІЛШІ: Кездесуде ғылым мен технологияны дамыту, білім беру саласындағы өзгерістер талқыланды. Өйткені, дәл осы бағыттар жаңа Конституцияның жобасында нақты көрсетілген. Яғни, басты құжатта Қазақстанның болашағы тек табиғи ресурстарға ғана емес, ең алдымен азаматтардың білімі мен зияткерлік әлеуетіне сүйенетіні көрсетілген. Қатысушылар бұл норма қоғамдағы әлеуметтік әділдікті нығайтып, әр азаматқа тең мүмкіндік беруге жол ашады,-дейді.
СНХ: АЛТЫНБЕК ДАҒЫСТАНҰЛЫ, ҰРЫМҚАЙ ОРТА МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Бұл жастар үшін үлкен мүмкіндік береді. Конституцияның негізгі өзгерістері ретінде мемлекеттің дамуына әсер ететін маңызды шешімдерді жылдам әрі тез қабылдау. Қазіргі қоғамға да жастарға да керек дүние осы. Ертең заман талабына сай болу үшін өзге мемлекеттермен терезе теңестіру үшін, бәсекеге қабілетті болу үшін тез арада жылдам әрі дұрыс шешім қабылдау маңызды
STAND-UP: ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ТІЛШІ: Иә, соңғы жылдары елімізде білім мен ғылым саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Жүргізілген реформалар мен жүйелі жұмыстардың нәтижесінде өңірде ғана емес, тұтас ел бойынша оң өзгерістер байқалады. Халықаралық білім кеңістігімен ықпалдастық күшейіп, жас ғалымдарды қолдау шаралары кеңеюде. Еңбек нарығының сұранысына сай мамандар даярлауға бағытталған жобалар жүзеге асырылып жатыр. Цифрлық дәуір жағдайында жоғары білім жүйесі де жаңа талаптарға бейімделіп келеді. Осы ретте Конституция жобасының 21-бабында жеке деректер мен цифрлық коммуникацияны қорғау құқығы бекітілген. Бұл өз кезегінде цифрлық инфрақұрылымды қауіпсіз дамытуға жағдай жасамақ. Сондай-ақ жаңа Ата заң жобасы университеттер базасында стартаптар мен ғылыми жобаларды дамытуға мүмкіндік береді. Қысқасы, жаңа Конституция жобасында ғылым мен білімге қатысты нормалардың бекітілуі Қазақстанның алдағы уақытта өркениетті, дамыған мемлекеттердің қатарынан орын алуына жол ашпақ. Мұны жастар қауымы да жақсы түсінеді.
СНХ: ЭЛЕОНОРА ДАЛАБАЕВА, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІ ЖАСТАР ПАРЛАМЕНТІ ҰЙЫМЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ: Конституцияда ғылым мен білімге басымдық берілген. Бұл жастарға деген өте ерекше жағдай. Себебі біздің мектеп қабырғасында, университет қабырғасында алған білімімізді болашақта тәжірибе ретінде қалыптастыруға, еңбек етуімізге жақсы мүмкіндіктерді бірі. Біз өз елімізде сапалы білім алуға құқығымыз бар. Жастардың құрып жатқан жаңа идеялары, жаңа жобалары, стартап жүйелері, жасанды интеллекті қолдану арқылы жаңа жобаларды ұйымдастырып жатқаны бұл біздің Қазақстан халқының халықаралық аренаға шығуына және дамыған мемлекеттер қатарына өтуіне өте ықпалын тигізетін себептердің бірі деп ойлаймын.
STAND-UP: ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ТІЛШІ: Өз кезегінде аймақ басшысы Марат Ахметжанов жаңа Конституция жобасының ел дамуындағы маңыздылығына тоқталып, әр тұрғынды маңызды саяси науқаннан қалыс қалмай, азаматтық борышын орындауға шақырды.
СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Конституция ол өзіміздің жеткен жетістіктерімізді дәлелдеп, белгілеп, анықтап қоятын және ертеңгі болашағымызға үлкен бағдар. Ертең осы Ата Заңымыздың идеясын, принциптерін ары қарай жетілдіру үшін конституциялық заңдар, құқықтық нормативтік актілер қабылданады.
STAND-UP: ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ТІЛШІ: Ал еліміз үшін тарихи маңызы зор оқиға - жалпыұлттық референдумға санаулы ғана күн қалды. Бұл күні ел болашағына бей-жай қарамайтын әр азамат жаңа Конституция жобасына қатысты өз таңдауын жасауы маңызды.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ