ДИКТОР: Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының жобасында ел дамуының басты бағыты ретінде білім беру саласына ерекше басымдық берілген. Алдағы жексенбіде республикалық референдум өтеді. Осы орайда Парламент Мәжілісінің депутаты Юлия Кучинская Көкшетау жоғары техникалық колледжінде болып, студенттермен және оқытушылық құраммен кездесті. Онда конституциялық өзгерістердің маңызы мен оның жастар үшін берер мүмкіндіктері талқыланды.
РКС: Конституциядағы өзгерістер жастар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Мемлекет инновацияларды, ғылыми зерттеулерді және зияткерлік меншікті қорғауды қолдауды көздеп отыр. Мұндай шаралар жас мамандардың өзін-өзі жүзеге асыруына, стартаптарды дамытуға және жаңа технологияларды енгізуге қолайлы жағдай жасайды. Болашақта бұл жастардың ел экономикасын қалыптастыруға белсене қатысып, өз идеялары мен жобаларын жүзеге асыруына жол ашылмақ.
СНХ: ЮЛИЯ КУЧИНСКАЯ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: Елдегі саяси жүйенің архитектурасын өзгерту мәселелеріне де ерекше назар аударылады. Сондай-ақ жастардың ел өміріне қалай қатысатыны, мемлекет басқару ісіне араласуы, өз пікірін білдіріп, ұсыныстарын енгізу мүмкіндіктері де кеңінен талқыланды. Бұдан бөлек, адам құқықтары мәселесіне де тоқталдық. Олардың қалай жүзеге асырылатыны және жаңа Конституция жобасында адам құқықтарын қорғау қалай қарастырылғаны түсіндірілді. Сонымен қатар Миранда қағидатының мәні мен оның маңыздылығына назар аудардық.
РКС: Бұдан бөлек Мәжіліс депутаты жастар үшін экологияны қорғау және елдің мәдени-тарихи мұрасын сақтау мәселелерінің ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Бұл бағыттар ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, кез келген ұлттың дамуы мен бірлігіне берік негіз қалайды.
СНХ: ӨМІРЖАН РАЗБЕК, КӨКШЕТАУ ЖОҒАРЫ ТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ: 2026 жылғы Қазақстанның Ата Заңға енгізіліп жатқан өзгерістерді елдің дамуына бағытталған қадам деп санаймын. Референдум арқылы осындай маңызды шешімдерді қабылдау – бұл халықтың ролін арттырады деп ойлаймын. Енді осы қабылдап жатқан жаңа бағыттар, жаңа заңдар білім саласына да оң нәтижелер алып келеді деп ойлаймын.
СНХ: РАХМЕТ КӨЗДЕНОВ, КӨКШЕТАУ ЖОҒАРЫ ТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ: Жаңа қабылданатын Заң жастар үшін де үлкен мүмкіндіктерге жол ашады деп ойлаймын. Сондықтан алдағы референдумға сеніммен барамын.
РКС: Осы өзгерістер жастардың қоғамдағы белсенділігін арттырады. Олар өз идеяларын жүзеге асырып, елдің дамуына үлес қоса алады. Конституциялық жаңғыртулар білім мен инновацияға тың серпін береді.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ