ДИКТОР: Ер азаматтарға тән деп есептелетін қызметтің кей саласында әйелдер де тең қызмет атқарып жүр. Олар мойнына жауапкершілік жүгін арқалаудан еш қашқан емес. Түрлі жобаны табысты жүзеге асыруда да алдына жан салмайтын нәзік жандылар өте көп. Солардың бірі - Елена Бородина. 35 жылға жуық Көкшетау су арнасы кәсіпорнында еңбек етіп келеді.

РКС: Елена Бородина Ресейдің Томск қаласындағы жоғары оқу орнын тәмамдаған. Бірден туған өлкесі Көкшетауға оралып, қаладағы биологиялық тазалау станциясына инженер-технолог болып жұмысқа орналасқан. Тәжірибелі ұстаздары мен әріптестерінің арқасында кәсіби тұрғыда өсіп, білікті маманға айналды.

СНХ: ЕЛЕНА БОРОДИНА, «КӨКШЕТАУ СУ АРНАСЫ» КӘСІПОРНЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Томск инженерлік-құрылыс институты кезінде Кеңестер Одағының ең жоғары инженерлік мектебі саналатын. Оқытушылық құрамы, технологиялық базасы мықты еді. Сол жерде алған білімім кәсіби тұрғыда өсуіме септігін тигізді. Одан соң тәжірибелі әріптестерім мен тәлімгерлерім де өз ісінің майталмандары болды. Анна Митрофановна Кириченко, Инна Павловна Кепкина, Татьяна Георгиевна Губиналардың мектебінен өттім. Өндірістік техникалық бөлімге ауысқан кезде жоғары білікті маман Александра Васильевна Подзигунованың басшылығымен жұмыс істедім. Ол кісі осы кәсіпорында ұзақ жыл еңбек етті. Әрине алған білімің мен тәжірибеңді ұштастырып, көп ізденіс керек. Сонда ғана өз ісіңнің шебері боласың.

РКС: Қазір Елена Бородина күрделі құрылыс бөлімінің басшысы. Ол қаланы сумен жабдықтау және су тарту жүйесін жаңғырту, дамыту мәселелерімен айналысады. Инвестициялық жобаларды әзірлеп, жобалық-сметалық құжаттамаларды дайындайды. Сонымен бірге құрылыс және монтаж жұмыстарын ұйымдастырып, жобаның жүзеге асырылуын бақылайды.

СНХ: ЕЛЕНА БОРОДИНА, «КӨКШЕТАУ СУ АРНАСЫ» КӘСІПОРНЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Жұмысты орындаудың сапасы мен мерзімі құрылыстың барлық кезеңінде бақыланады. Тіпті жобалық-сметалық құжаттаманы дайындауды бастаған кезде немесе оның барысында да толық қадағалаймыз. Ол жерде біз құбырдың материалы қандай, құрал-жабдықтар қай жерге орнықтырылатынын және қолданылатынын қараймыз. Одан соң құрылыс-монтаж жұмыстарының басында келген материалдарды бақылаймыз, Барлық құжаттамасы, сертификаты, төлқұжаты бәрі тексеріледі.

РКС: Инженер мамандығы жоғары жауапкершілікті, дәлдік пен терең білімді талап етеді. Елена Бородина нәзік жандылардың тіпті техникалық және аса ауыр бағыттарда да табыс еңбек ете алатынын дәлелдеп бергендей.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ