ДИКТОР: Наурыздың 6-да Қысқы Паралимпиада ойындары басталды. Қазақстандық спортшылар алғашқы жеңістерімен жерлестерін қуантып жатыр. Ұлттық құраманың парашаңғышысы Ербол Хамитов ел қоржынына алғашқы қола медаль әкелді. Әр екі жыл сайын мүмкіндігі шектеулі спортшылар шексіз мүмкіндіктерін дәлелдеп келеді. Рухтың беріктігі мен жеңіске деген жігері туралы тілшіміз айтсын.
РКС: Паралимпиадалық қозғалыс спорттың ондаған түрін біріктіреді. Қазір жанкүйерлердің назары қысқы жарыстарға ауып тұр. Оған қоса Қазақстанда пара пауэрлифтинг те қарқынды дамып келеді. Өңірде бұл спортпен шамамен 90 ақмолалық айналысады. Бірі спортқа жарақаттан кейін, енді бірі бала кезінен денсаулығындағы шектеуіне байланысты келген. Әсет Байжолов пауэрлифтингпен айналысып бастағанына 4 айдың жүзі болыпты. Екі дүркін Паралимпиада чемпионы Давид Дегтяревпен кездесуден кейін өмірінің күрт өзгергенін айтады.
СНХ: ӘСЕТ БАЙЖОЛОВ, ПАРА ПАУЭРЛИФТИНГТЕН СПОРТ ШЕБЕРІНЕ ҮМІТКЕР: Чемпионымыз Давид Дегтяревпен кездескенде, менен жарақатың бар ма деп сұрады. Сол әңгімеден кейін оның не айтқысы келгенін түсіндім. Мені осы спорт түріне шақырды. Мен пауэрлифтингпен 4 ай бойы айналысып жүрмін. Ақпан айында өткен жарыста алғаш рет Қазақстан Республикасының чемпионатына қатысып, спорт шеберіне үміткер атағына ие болдым.
РКС: Жаттығу процесі ерекше дәлдік пен ұзақ дайындықты талап етеді. Жаттықтырушылардың айтуынша, бұл спортта асықпай, бәріне байыппен қарау өте маңызды. Жаңадан келген спортшылардың көбі жаттығуды өз бетінше бастап, соның салдарынан жарақат алып жатады.
СНХ: ҚАЙРАТ ЖҮКЕНОВ, ПАРА ПАУЭРЛИФТИНГТЕН ЖАТТЫҚТЫРУШЫ: Спорттың бұл түрінде көбінесе иық және шынтақ буындары жарақаттанады. Сондықтан әр спортшыны бақылап отырамыз, ағзасын нығайтуға тырысамыз. Міндетті түрде қосымша жаттығулар жасатамыз. Бұл болашақта қателіктерге жол бермеуге және спортшылардың мақсатты түрде жаттығып, жақсы нәтижелерге жетуіне көмектеседі.
РКС: Бүгінде бұл спортта әйелдер де жиі жеңіске жетіп, рекорд орнатып, халықаралық жарыстардың жүлдегерлері атанып жүр. Данагүл Есжанованың пауэрлифтингті таңдағанына 4 жылдан асқан. Қазір ол халықаралық дәрежедегі спорт шебері.
СНХ: ДАНАГҮЛ ЕСЖАНОВА, ПАРА ПАУЭРЛИФТИНГТЕН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДӘРЕЖЕДЕГІ СПОРТ ШЕБЕРІ: Мұнда өз қалауыммен, өзіме мақсат қойып келдім. Жарыстарға қатысып, жеңіске жетуге тырысып жүрмін. Спортпен айналыспауға еш себеп жоқ деп айтар едім. Өзіңе мақсат қойсаң, соған жетуің керек. Егер алдыңнан бір кедергілер шығып жатса, онда тек жүрегіңді тыңдау қажет.
РКС: Пауэрлифтингте жасқа шектеу қойылмайды. Мұнда жас спортшылар да, жасы үлкен атлеттер де бар. Бүгінде өңірде пара пауэрлифтинг жай ғана спорт түрі емес, жеңіске нық қадам басқан, рухы мықты адамдардың қозғалысына айналды.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ