ДИКТОР: Жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Целиноград ауданына қарасты Қаражар ауылындағы мектеп-лицейінде аталған бастама шеңберінде «Эко сана» атты экологиялық квиз ұйымдастырылды. Зияткерлік сайысқа 100-ден астам волонтер қатысты.

РКС: Сайыс Таза старт, ECORASH, GREENUP сияқты кезеңдерді қамтыды. Қатысушылар қоршаған ортаны қорғауға бағытталған бірқатар практикалық тапсырманы орындап, білімдері мен шығармашылық қабілеттерін көрсетті. Командалар қалдықтарды бөлек жинау жүйесін енгізу, су және жер ресурстарын тиімді пайдалану, сондай-ақ ауылдық аймақтардың санитарлық жағдайын жақсартуға қатысты өзекті мәселелер бойынша ұсыныстарын ортаға салды.

СНХ: КӘБИРА СӘЖИДСИЛЯМ, ВОЛОНТЕР: Квиз өте қызықты болды. «Эко сана» эколологиялық квизі бұл жаңағы жастардың қазіргі қоршаған орта үшін жауапкершілігін арттыруға, қоғамда экологиялық мәдениетті дамытуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі деп ойлаймын

РКС: Іс-шара белсенді жастардың қатысуымен өтті. «Заң және тәртіп» қағидатының экологиялық қырлары кеңінен талқыланып, табиғатты қорғауға бағытталған тың бастамалар мен тиімді идеялар ұсынылды. Өскелең ұрпақ командалық жұмыс арқылы экологиялық сын-қатерлерді талқылап, «жасыл» технологиялардағы халықаралық тәжірибелермен танысты.

СНХ: МАХАББАТ ИРЕШОВА, ЦЕЛИНОГРАД АУДАНЫ ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: «Эко сана» экологиялық квизі Қаражар ауылының жастарының қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне шынайы қызығушылық танытып, ауданның экологиялық түйткілдерін шешуге белсенді аралуға дайын екенін көрсетті. Қатысушылар тек білімдерін сынап қана қоймай, экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған ұсыныстарын ортаға салды. Мұндай іс-шаралар өскелең ұрпақтың экологиялық ойлау қабілетін дамытуға, белсенді жастарды біріктіруге және табиғатқа жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға көмектеседі.

РКС: Шара соңында белсенді қатысушылар мен үздік командалар арнайы дипломдармен марапатталды.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ