ДИКТОР: Көкшетауда «Заң және тәртіп: референдумның маңызы» тақырыбында студенттермен кездесу өтті. Аталған шараға облыстық полиция департаменті мен Көкшетау қалалық полиция басқармасының қызметкерлері қатысып, жастарға құқықтық мәдениетті қалыптастыру және заң талаптарын сақтау жөнінде маңызды кеңестер берді. Сондай-ақ спикерлер кездесу барысында референдумның мәні мен маңыздылығына да тоқталды.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Тақырыпты толық ашу мақсатында бейнеролик көрсетіліп, есірткіге байланысты құқық бұзушылықтар мен олардың зардаптары нақты бейнеленді. Жастарға заңға қайшы әрекеттердің ауыр салдары түсіндіріліп, оның адамның жеке өміріне, денсаулығына және болашағына балта шабатын кері әсері көрсетілді. Қатысушыларға заң талаптарын сақтаудың маңыздылығы айтылып, қылмыстық жауапкершілік туралы нақты мысалдар келтірілді. Сондай-ақ, қылмысқа қатысты басқа жағдайлар мен құқық бұзушылық түрлері туралы да сөз қозғалды.

СНХ: ТИМУР БАЖИРОВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ КРИМИНАЛДЫҚ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ: Бүгінде қала аумағында жасалатын қылмыстардың басым бөлігі интернет арқылы жүзеге асырылып жатыр. Жасөспірімдер, атап айтқанда студенттер мен 17–18 жасқа енді толған мектеп түлектері алаяқтардың арбауына түсіп, өздерінің банк шоттарын өзге біреулерге пайдалануға беріп жатады. Мұндай адамдарды қылмыстық ортада «дропперлер» деп атайды. Сондықтан түсіндіру және алдын алу шараларын жүргізіп, жастарға дұрыс бағыт-бағдар беріп отырған ұйымдастырушыларға шынайы ризашылығымды білдіремін.

РКС: Кездесу барысында жаңа Конституция мен референдумның маңыздылығына ерекше назар аударылды. Ата Заңның жастардың жарқын болашағына арналған тармақтары, құқықтық баптар түсіндірілді.

СНХ: АЛМАТ ТҰҚМАҒАНБЕТОВ, «RESPUBLICA» ПАРТИЯСЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Конституциямыздың бірнеше, жастарға өте қызықты қағидаттары бар деп сенемін. Өйткені цифрландыру жағынан айтып кетсек, қазіргі кезде цифрлық даму Қазақстанда өте дамып жатыр. Жаңа Конституция жобасында жеке мәліметтерді сақтау туралы айтып кететін жайтым бар. Өйткені, қазіргі кезде көптеген қылмыстық істер жүргізіліп жатыр. Ұялы телефондарға неше түрлі қоңырау шалулар болады. Сондықтан, соның алдын алу мақсаты бойынша цифрландыру жағын, жобасын дамыту бойынша Конституцияда айтылып кеткен осы бағытта біз жастарға түсіндіру мақсатымен келіп отырмыз.

РКС: Кездесу барысында арнайы ақпараттық парақшалар таратылып, маңызды мәліметтер жеткізілді. Бұл шара өскелең ұрпақтың заң талаптарын тереңірек түсінуіне, құқықтық мәдениетін қалыптастыруына және қоғам өміріне белсенді араласуына оң ықпал етері сөзсіз.

СНХ: ТЕҢІЗ АЛМАСБЕКҰЛЫ, КӨКШЕТАУ ЖОҒАРЫ ТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ: Жаңа Конституция жобасына Қазақстанның саяси жүйесін жаңарту және азаматтардың құқықтарын күшейтуге бағытталған, ол халықтың ролін күшейтеді, мемлекеттік билік жүйесіне өзгерістер салады. Кейбір жобаларда парламент құрылымын өзгерту және басқару жүйесін жаңарту ұсынылған болатын. «Заң және тәртіп» қағидаты аясында дропперлік, интернет алаяқтық, закладчиктер туралы мәселелер көтерілді. Бұл отырыс Қазақстан Республикасының азаматтарының арасында осындай мәселелерді азайтуға көп көмегін тигізді.

РКС: Жастар – мемлекеттің тірегі, ал Конституция – әрбір азаматқа өмірлік бағдар беретін негізгі құжат.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ