ДИКТОР: Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті Мәлік Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясымен бірлесіп мектеп оқушылары мен студенттерге ашық есік күнін өткізді. Аталған шара Дүниежүзілік азаматтық қорғаныс күніне орайластырылған. Кездесуге барып келген тілші айтсын.

РКС: Биыл Дүниежүзілік азаматтық қорғаныс күні экологиялық тәуекелдерді басқару ұранымен өтіп жатыр. Шақырылған қонақтарға шұғыл жағдайларда қолданылатын арнайы техника мен құрал-жабдықтардың көрмесі ұсынылды. Академияның оқытушылары мен құтқарушылары тұрғындарды қорғауға қажетті құрылғыларды көрсетті. Айта кетейік, бір ай көлемінде Көкшетауда тақырыптық оқу-жаттығулар мен семинарлар өтеді. Ол ең алдымен аймақ тұрғындарының қауіпсіздігін арттыру мен құтқару дағдыларын пысықтау үшін қажет.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Бұдан бөлек, шара аясында төтенше жағдай қызметінің ардагерлеріне құрмет көрсетілді. Солардың арасында Светлана Багинская да болды. Ол аталған салада 15 жыл еңбек еткен. Осы жылдар ішінде түрлі жағдайлар басынан өткенін баяндады.

СНХ: СВЕТЛАНА БАГИНСКАЯ, ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ҚЫЗМЕТІНІҢ АРДАГЕРІ: Мен төтенше жағдайлар жөніндегі департаментте он бес жыл қызмет еттім. Тұрғындарды радиациялық және химиялық қорғаумен айналыстым. Біз халықты қорғау жоспарын дайындауды жүзеге асырып отырдық. Қауіпті химиялық нысанда апат болған жағдайда өте көп улы зат төгілетін. Сол тұста, кәсіпорында еңбек ететін жұмысшылармен қатар жақын маңдағы тұрғындарға да қауіп төнетін. Біздің мақсатымыз нақты жоспар құру болды. Ол кезде апаттыжәне құтқару қызметтері, ақпараттандыру, медицина қызметтерінің бәрі жұмылдырылатын. Адамдарды құтқару ең қастерлі мамандық деп айтар едім мен жас құтқарушыларға. Бүгін жабдықтардың көрмесін көріп қуанып тұрмын. Біздің кезімізде мұндай болған жоқ.

РКС: Оқушылар мен студенттерге алғашқы көмек қалай көрсетілетіні нақты мысал арқылы түсіндірілді. Сонымен бірге арнайы жабдықтарды қолдану тәсілдері де көрсетілді. Тәжірибе жүзінде төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимылдың алгоритмі талданды. Қатысушылар құрал-жабдықтарды өз бетінше сынап көрді.

СНХ: ИМАНӘЛІ АҚТІЛЕУ, АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАНЫС КӨПСАЛАЛЫ ЖОҒАРЫ КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ: Мұндай іс-шаралардан кейін ер азаматтар да, Отан алдындағы борышын өтеуге, яғни өзінің ішіне ерік, намысы оянып, Отан алдындағы борышын өтеуге, жігерлілік, өз еркіндігімен баруға, өзінің сенімділік, яғни көптеген жігер пайда болады. Және көбіне жағдайда мұндай мероприятиялар көбінесе адамдарға сенімділік береді. Яғни осындай төтенше жағдай кезінде адам өзінің өзін қалай ұстау керек, мінез-құлқын қалай басқару керек, соны біледі.

РКС: Мұндай шаралар жыл сайын өткізіледі. Өйткені жастар қызметтің ерекшелігін іштей білуі тиіс. Екіншіден нақты төтенше жағдайда адам өмірін сақтап қалудың қыр-сырын үйренеді.

ЛАУРА ЕЛУБАЕВА, КАРИНА СУЛЕЙМАНОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ