ДИКТОР: Кеше өңірде полицейлердің бағыттауымен 2 мың 700-ден астам автокөлік жүріп өтті. Бұған дейін аймақта ауа райының күрт нашарлауына байланысты бірнеше жол учаскесінде көлік қозғалысына шектеу енгізілген болатын. Жергілікті төтенше жағдайлар қызметтері де күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Бір тәулік ішінде құтқарушылар қар құрсауынан шамамен 50 адамды эвакуациялады.

РКС: 10 наурыздан бастап патрульдік полиция қызметкерлері ауа райының күрт нашарлауына байланысты күшейтілген қызмет режиміне көшірілді. Қалың жауған қар мен боранның салдарынан елді мекендер мен сырттағы жолдарда жүру тіпті мүмкін болмай қалды. Көлік қозғалысына енгізілген шектеулерге байланысты қалааралық тасжолдарда көлік кептелісі пайда болды. Полицейлер көлік құралдарын бағыттап алып жүруді ұйымдастырып, автоколонналар құрды. Осындай 12 колонна құрамында 2800-ге жуық автокөлік жолға шықты. Оның ішінде полицияның саптық бөлімшелері шамамен 600 жүк көлігін алып жүрді. Боран жолдағы жағдайды едәуір қиындатып, жол-көлік оқиғаларының қаупін арттырады, – дейді мамандар.

СНХ: АЗАМАТ БАЙҒАЗИН, ОБЛЫСТЫҚ ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯСЫ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Ауа райының қолайсыздығына байланысты, атап айтқанда, мол қар жауып, екпінді жел, боран және көру қашықтығының шектеулігіне байланысты, облыс аумағындағы автомобиль жолдарында қозғалысқа шектеу енгізілді. Осыған байланысты сізден ұзақ сапарлардан бас тартуды, жылдамдықты, бүйірлік аралықты, қашықтықты сақтауды кеңеттен тежеу жасамауды сұраймыз. Өзіңді және жақындарыңызға сақтаңыз.

РКС: Қолайсыз ауа райы жағдайында жүргізушілерге мүмкіндігінше жолға шығудан бас тартып, бағыттарды алдын ала жоспарлап алуды ескертеді. Ал ауа райының қолайсыздығы жолда күтпеген жағдайға тап болғандарға төтенше жағдайлар қызметінің құтқарушылары көмекке келеді. Өңірде бір тәуліктің ішінде қар құрсауынан 46 адам эвакуацияланды. Олардың 10-ы бала.

СНХ: ЕРСАЙЫН ҚОЙШЫБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ: Іздестіру-құтқару және авариялық-құтқару жұмыстары Целиноград, Ерейментау, Қорғалжын және Аршалы аудандарының аумағында жүргізілді. Қорғалжын ауданының Үшсарт ауылы маңында құтқарушылар 6 адамды эвакуациялады. Ерейментау ауданында ер адам далада жоғалған малын іздеу кезінде жоғалып кеткен. Іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізілетін жерге бара жатқан жолда құтқарушылар қар құрсауында қалған көліктен 7 адамды эвакуациялады. Көп ұзамай жоғалған ер адам табылып, тұрғылықты мекенжайына жеткізілді. Эвакуацияланған азаматтар жылыту пунктіне де жеткізілді.

РКС: Аршалы және Целиноград аудандарында құтқарушылар екі рет шақыртуға шықты. Олар қар құрсауында қалған көліктегі жолаушылардың қауіпсіз жерге жетуіне көмектесті. Жалпы облыс аумағында 10 мыңнан астам адамды қабылдай алатын 281 жылыту пункті жұмыс істейді. Синоптиктер бұл метеожағдайларды наурыз айына тән құбылыс деп атап отыр. Олардың болжамынша, қолайсыз ауа райы ұзаққа созылмайды.

СНХ: ГҮЛЖАН БАЙМҰҚАНОВА, «ҚАЗГИДРОМЕТ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КӘСІПОРНЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ИНЖЕНЕР-СИНОПТИГІ: Алдағы күндері ауа температурасы біртіндеп қалпына келе бастайды. Түнгі уақытта 25–30 градус аяздан 2–7 градус аязға дейін түседі. Күндіз 10–15 градус аяздан 3 градус аяз – 2 градусқа дейін жылынады. Сонымен қатар наурыздың ортасына дейін қар түріндегі жауын-шашын болуы ықтимал. Кей жерлерде ол жаңбырға ауысып, тұман мен көктайғақ болуы мүмкін. Оңтүстік-батыстан соққан жел күшейіп, кей жерлерде оның екпіні секундына 15–20 метрге дейін жетеді. Кей жерлерде 20–28 метрге дейін, ал түнде кей уақытта секундына 30 метр және одан да жоғары болуы ықтимал.

РКС: Синоптиктер облыста жауын-шашынсыз ауа райы 15 наурыздан кейін ғана қалыпқа келетінін айтып отыр. Дәл осы кезде өңір аумағына кезекті антициклон келеді деген болжам бар.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ