ДИКТОР: Күн сайын патрульдік полиция батальонының инспекторлары Көкшетау көшелерінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Әр кезекшілікке шамамен 15–20 автопатруль және 6–8 жаяу жасақ шығып, қала тұрғындарының тыныштығын күзетеді. Тәртіп сақшыларының басты міндеті – азаматтардың арыз-шағымдарына жедел әрекет ету, сондай-ақ ықтимал құқық бұзушылықтардың алдын алып, қоғамдық тәртіпті сақтау.
РКС: Әділхан Мұрат – патрульдік полиция батальоны қызметінің жас инспекторы. Ол Көкшетау қаласында туып-өсіп, дарынды балаларға арналған мектепте білім алған. Кейін заңгерлік жоғары білім алып, ішкі істер органдарына қызметке орналасқан. Ол басқа полицейлер сияқты серіктесімен бірге 12 сағаттық кезекшілік атқарады. Осы уақыт ішінде қаланың ондаған көшесін аралап, шақыртуларға жедел барып, құқық бұзушылықтардың алдын алады.
СНХ: ӘДІЛХАН МҰРАТ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ ПАТРУЛЬДІК ПОЛИЦИЯ БАТАЛЬОНЫ ҚЫЗМЕТІНІҢ ИНСПЕКТОРЫ: Біздің күніміз алдын ала болжауға келмейтін, күтпеген оқиғаларға толы. Қай минутта не болатынын алдын ала болжау мүмкін емес. Шақыртулар мен құқық бұзушылықтарға жылдам әрі дәл әрекет ету қажет. Құқық бұзушылықтар әртүрлі: қарапайым, шағын бұзушылықтардан бастап, ірі, күрделі оқиғаларға дейін кездеседі. Біз осындай жағдайларға күн сайын қатысып, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндеттіміз.
РКС: Патрульдік полиция инспекторының жұмыс күні сирек жағдайда ғана тыныш өтеді. Кезекшілік кезінде олар ондаған заң бұзушылықтарға тап болып, әрекет етуге мәжбүр болады.
СНХ: ӘДІЛХАН МҰРАТ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ ПАТРУЛЬДІК ПОЛИЦИЯ БАТАЛЬОНЫ ҚЫЗМЕТІНІҢ ИНСПЕКТОРЫ: Отбасылық-тұрмыстық сипаттағы кез келген шақырту, жол қозғалысы ережелерін бұзу немесе жол-көлік оқиғалары төзімділікті, психологиялық тұрақтылықты және жағдайды дұрыс бағалап, дәл түсіндіре білу қабілетін талап етеді. Қандай әрекет дұрыс, ал қайсысы бұрыс екенін нақты анықтай білу қажет. Сондай-ақ серіктесіңмен бірлесіп жұмыс істеу өте маңызды, біз әрдайым бір-бірімізге көмектесеміз.
РКС: Әділхан қызметінің қиындығына қарамастан жауапты әрі зейінді полиция инспекторы болуға тырысып бағуда. Айта кетейік, биыл Көкшетауда жол қозғалысы ережелерін бұзудың 9,5 мың дерегі тіркелген. Қызметкерлер бір кезекшілікте ауладағы жанжалдардан бастап, жол апаттарына дейінгі түрлі оқиғаға шығуы мүмкін. Сол себепті патрульдік полиция қызметкерлері үшін заңды білумен қатар шұғыл әрекет ету, бірлесіп жұмыс істеу және қысқа мерзімде дұрыс шешім қабылдау қабілеті де талап етіледі.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЁВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ