ДИКТОР: Көкшетауда дәстүрлі сұлулық байқауы өтті.
«Көкшетау аруы – 2025» қалалық байқауы биыл 25-ші рет ұйымдастырылды. Аталған шара Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойына арналды.
РКС: Байқаудың негізгі мақсаты – халықтың бірлігін, этносаралық келісімді және ұлттық құндылықтарды дәріптеу, сондай-ақ қыз-келіншектердің шығармашылық және зияткерлік әлеуетін таныту болды. Мұнда алғашқы кезеңнен-ақ ерекше атмосфера орнады: финалистер түрлі этностардың ұлттық киімдерімен сахнаға шығып, салт-дәстүрлер туралы әңгімелеп, қызықты деректермен бөлісті. Жалпы финалдық кезең төрт турдан тұрды. Бұған дейін қатысушылар шығармашылық сынақтан өткен болатын.
СНХ: НӘЙЛӘ СЕЙДАЛИНА, «КӨКШЕТАУ АРУЫ-2025» БАЙҚАУЫНЫҢ ӨҢІРЛІК ДИРЕКТОРЫ: Биыл біз Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығын атап өтудеміз. Осы мерекеге орай қатысушылардың өнерін ерекше түрде ұйымдастыруды жөн көрдік. Сонымен қатар, біз сүйікті қаламызды – Көкшетауды ерекше жақсы көреміз, оның күн сайын көркейіп келе жатқанын мақтан тұтамыз. Қатысушыларымыз да осыны өздерінің байқау бағдарламасы арқылы көрсетуге тырысты. Жалпы, байқауға 17 үміткер қатысты, олардың ішінен тек 10-ы іріктеу кезеңінен өтті. Себебі бізде бойға, параметрлерге және басқа да көрсеткіштерге қойылатын талаптар өте жоғары. Осы талаптарға сай келгендері ғана финалға жолдама алды.
РКС: Көрермендер үшін тек сән көрсетілімі мен байқау кезеңдері ғана емес, сонымен бірге қалалық мәдениет бөлімінің шығармашылық ұжымдарының өнері де ұсынылды. Сондай-ақ сахнаға табысты іскер әйелдер мен Аналар кеңесінің мүшелері шықты. Қатысушыларға қолдау көрсету мақсатында жергілікті дизайнер өз туындыларын ұсынды. Залда ерекше қолдау мен қошеметке толы атмосфера қалыптасты. Ал байқау қатысушылары үшін бұл шара нағыз сын-тегеурінге айналып, өз-өзіне сенімділікті қалыптастыру мектебі болды.
СНХ: АЛИНА ЫБРАЕВА, «КӨКШЕТАУ АРУЫ – 2025» АТАҒЫНЫҢ ИЕГЕРІ: Байқауға арнайы хореографпен жұмыс істедік. Әр күнгі екі сағаттық дайындықтарда барлық қыздар барынша тырысып, жауапкершілікпен репетицияға қатысты. Маған биік өкшеде қайтадан жүріп, үйренуге тура келді. Ұзақ уақыт бойы осындай дайындыққа төтеп беру оңай болған жоқ. Сонымен қатар, моральдық тұрғыдан да дайындалу қажет болды – ең бастысы, рухың түспей, өзіңе сенімді болу.
РКС: Қазылар алқасы шығармашылық өкілдерден, түрлі ұйымдардың мүшелерінен және Көкшетау қаласының құрметті азаматтарынан құралды. Байқау қорытындысы бойынша «Көкшетау аруы – 2025» атағын Алина Ыбраева иеленді. Ол қараша айында қаламыздың намысын «Қазақстан аруы» ұлттық байқауында қорғайтын болады. Қалған қатысушылар бірінші, екінші және үшінші вице-ару атақтарына ие болып, демеушілер тарапынан бағалы сыйлықтармен марапатталды.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЗАРИНА БЕКҚАЛИЕВА, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ