ДИКТОР: Көкшетауда онкология саласына арналған халықаралық конференция өтті.

Бұл – онкология және медициналық білім беру бағытындағы ең ірі халықаралық іс-шаралардың бірі. Шараға әлемнің 15-тен астам елінен келген мамандар қатысты.

РКС: Конференция Денсаулық сақтау министрлігінің Ғылым және адами ресурстар департаментінің, сондай-ақ облыс әкімдігі, денсаулық сақтау және білім басқармаларының қолдауымен ұйымдастырылды. Шетелдік өкілдер онкологиялық аурулармен күрестегі өз жетістіктері мен тәжірибелерімен бөлісіп, бұл бағыттағы Қазақстанның жетістіктерін жоғары бағалады.

СНХ: АЛИРЕЗА МОСАВИ ДЖАРРАХИ, ҚАТЕРЛІ ІСІКТІҢ АЛДЫН АЛУ ЖӨНІНДЕГІ АЗИЯ–ТЫНЫҚ МҰХИТЫ ҰЙЫМЫНЫҢ МҮШЕСІ (ИРАН): Обыр – бұл әртүрлі сипаттағы ауру. Әртүрлілік дегеніміз – обырдың да көптеген түрі бар деген сөз. Алайда олардың кейбірі басқаларға қарағанда әлдеқайда қауіпті. Соның ішінде сүт безі, қуық асты безі және асқазан обырлары аса жиі кездеседі. Әсіресе бұл түрлері Орталық Азия елдерінде кең таралған. Барлық обыр түрлерінің біріншілік алдын алу тәсілдері бола бермейді. Мысалы, өкпе обырының алдын алу жолы ретінде темекі шегуді болдырмау секілді нақты әдіс бар. Ал сүт безі обырында мұндай біріншілік алдын алу тәсілі жоқ. Сол себепті бүгінде көптеген елдерде обырдың алдын алудың екінші деңгейлі тәсілдері – скринингтер кеңінен қолданылуда.

РКС: Конференцияға қатысушылар, әсіресе дерттің алдын-алу мәселесіне айрықша мән берді. Оның ішінде негізгі тақырыптың бірі – жатыр мойны обырының басты себебінің бірі саналатын адам папиллома вирусына қарсы вакцинация мәселесі.

СНХ: Ю-ЛИНЬ ЦЯО, ҚАТЕРЛІ ІСІКТІҢ АЛДЫН АЛУ ЖӨНІНДЕГІ АЗИЯ–ТЫНЫҚ МҰХИТЫ ҰЙЫМЫНЫҢ МҮШЕСІ (ҚЫТАЙ): Бүгін біз жатыр мойны обырына қарсы иммундау мәселесін талқыладық. Дүниежүзілік деңгейде жатыр мойны обырын жоюға бағытталған арнайы стратегия қабылданған. Бұл аурудың негізгі себебі – адам папиллома вирусының (HPV) әсері. Біз қыз балаларға 15 жасқа дейін, яғни жыныстық өмір басталғанға дейін егіп, олардың ағзасында вирусқа қарсы антиденелер қалыптастыруға тырысамыз. Бұл – аталмыш обырдың алдын алудың ең тиімді тәсілі. Екінші маңызды әдіс – скрининг. Біз бұл аурудың таралуын болдырмауды мақсат етеміз, сондықтан ересек әйелдер арасында скринингтік тексерулер жүргізу қажет. Қытайда 35 пен 64 жас аралығындағы әйелдерге арналған ұлттық скрининг бағдарламасы жұмыс істейді. Вакцинацияны, скринингті және емдеуді бір жүйеге біріктірсек, жатыр мойны обырын толық жоюға болады.

РКС: Мұндай конференциялар тәжірибе алмасуға, озық технологияларды енгізуге және денсаулық сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді,-дейді ұйымдастырушылар. Осылайша, конференция өңірдің медициналық қауымдастығы үшін маңызды оқиға болды.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ