ДИКТОР: Қазақстанда ұстаздардың кәсіби мерекесі қазанның 5-і күні аталып өтеді. Елімізде ұзақ уақыт бойы Мұғалімдер күні қазан айының алғашқы жексенбісінде тойланып келген. Ал 2023 жылдан бастап, Үкімет қаулысына сәйкес, бұл мереке 5 қазанда ресми түрде атап өтіледі. Дегенмен, ұстазға деген құрмет бір күнмен ғана шектелмейді. Өйткені дәл осы жандар әрбір азаматтың ғана емес, тұтас қоғамның болашағын қалыптастырады.
РКС: Көкшетаудағы №6 мектеп-лицейінде 2000-нан астам оқушы білім алады. 150 педагог еңбек етеді. Солардың бірі – орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Татьяна Таран. Ол өзі де осы мектепті тәмамдап, туған ұясында 34 жылдан бері ұстаздық еңбек етіп келеді. Оның шәкірттері облыстық және республикалық пәндік олимпиадаларда бірнеше рет жүлделі орындарға ие болған.
СНХ: ТАТЬЯНА ТАРАН, ОРЫС ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТІ ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ: Сіз білесіз бе, менің осы мамандықты таңдауым кездейсоқ емес. Себебі мен педагогтар әулетінен шыққанмын. Әжем қырық жылдан астам уақыт ұстаздық етті, апайым да мұғалім болды. Қазір туған ағам екеуіміз де осы жолды жалғастырып келеміз. Біздің әулетіміздің жалпы педагогикалық өтілі 140 жылдан асады. Сондықтан менің мұғалім болатыныма да ешқандай күмән болмады. Ал неге орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болуды қаладым десеңіз – бұл өзіме сабақ берген ұстаздың ықпалы. Жильцова Людмила Михайловна әдебиет пен орыс тіліне деген сүйіспеншілікті жүрегіме сіңірді. Сол себепті таңдауым да анық болды.
РКС: Татьяна Геннадьевнаны тек ұстаз ретінде ғана емес, әрдайым сенім артуға болатын жан ретінде де ерекше қадірлейміз- дейді шәкірттері.
СНХ: ТАТЬЯНА ГОЛОВИНА, ОҚУШЫ: Біздің сынып жетекшіміз – Татьяна Геннадьевна. Ол өте мейірімді әрі қамқор, дегенмен керек кезде талапшыл да бола біледі. Сыныбымызда жылы әрі жайлы ахуал орнауына көп күш салады. Әр оқушымен тіл табысып, қиын сәтте көмек қолын соза алады. Сонымен қатар бізден жауапкершілік пен өзгелерге құрметпен қарауды талап етеді. Біз Татьяна Геннадьевнаны оның қамқорлығы мен сабырлығы үшін, әрдайым жанымыздан табылатыны үшін ерекше қадірлейміз.
РКС: Мұғалімдерге білім беру бағдарламаларын жүзеге асырумен қатар, өскелең ұрпақты тәрбиелеу жауапкершілігі де жүктеледі. Мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарындағы оқу кезеңі балалардың құндылықтарын қалыптастырудың негізі. Әрбір шәкіртті оқыту барысында ұстаздың өзі де жаңа дүниені меңгереді. Дәл осы сезім Татьяна Геннадьевнаны күн сайын сыныпқа асықтырып, оқушылардың жарқын көзқарасынан қуат алып, жаңа сабақты бастауға жетелейді.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЖАНДОС САЙЛАУ, ДАНИЯР ЖҰМАҒҰЛОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ