ДИКТОР: Өңірде 13,5 мыңнан аса ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар тұрады. Олар үшін дер кезінде қолдау алып, өзін қоғамның бір бөлігі ретінде сезінуді үйрену маңызды. «Мен өзім қадам басамын» қоғамдық қоры осы міндетті 8 жылдан астам уақыт бойы атқарып келеді. Арнайы орталықта аутизмі және даму ерекшеліктері бар балаларға қалай көмектесіп жүргені туралы келесі сюжетте баяндаймыз.
РКС: «Мен өзім қадам басамын» қоры 2017 жылы құрылды. Осы уақыт ішінде қор мүмкіндігі шектеулі балалар мен олардың отбасыларын қолдауға бағытталған бірнеше жобаны жүзеге асырды. Негізгі бағыттарының бірі – «Инклюзияға қадам» орталығы. Бұл – аутизм спектріндегі ауытқулары бар балаларға арналған арнайы кеңістік. Қордың негізін қалаушы – ұзақ жылдық медициналық тәжірибесі бар дәрігер Гауһар Камелинова. Бәрі жеке оқиғадан басталды: ол қызы екеуі бірге оңалту жолынан өтуге мәжбүр болды.
СНХ: ГАУҺАР КАМЕЛИНОВА, «МЕН ӨЗІМ ҚАДАМ БАСАМЫН» МҮГЕДЕК БАЛАЛАРДЫ ОҢАЛТУ ҚОҒАМДЫҚ ҚОРЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ: Шын мәнінде, қызымды оңалту тәжірибем мен медицинадағы еңбек өтілім басқа балаларға көмектесуге және «Мен өзім қадам басамын» мүгедек балаларды оңалту қоғамдық қорын ашуға мүмкіндік берді. Бүгінгі күні қорымыз екі негізгі бағытта жұмыс істейді. Біріншісі – «Инклюзияға қадам» түзету орталығы. Мұнда 2 жастан 18 жасқа дейінгі аутизмі бар балаларға түзету көмегі, психологиялық-педагогикалық қолдау және әлеуметтік бейімдеу көрсетіледі. Екінші негізгі бағыт – арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету, яғни күндізгі жартылай стационар базасындағы шағын сыйымдылықтағы «Аяла» үйі. Қазіргі таңда мұнда тізім бойынша 16 бала бар. Сонымен бірге біз медициналық лицензияға да қол жеткіздік.
РКС: Бүгінде орталыққа 2 жастан 18 жасқа дейінгі 40 бала келеді. Сабақтар мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс негізінде өткізіледі. Әрбір балаға алты ай ішінде жеке білім беру бағдарламасы әзірленіп, жүзеге асырылады.
СНХ: ЕКАТЕРИНА ЕРЁМИНА, НЕЙРОПСИХОЛОГ, ЛОГОПЕД: Біздің орталықта логопед, дефектолог, психолог, емдік дене шынықтыру нұсқаушысы, қосымша білім беру педагогы, тәрбиеші сияқты мамандар жұмыс істейді. Біз балалармен жеке де, шағын топтарда да, сондай-ақ жалпы топтық сабақтар түрінде де жұмыс жүргіземіз.
РКС: Сонымен қатар орталықта арт-терапия, музыка терапиясы, сенсорлық әдістер мен ойын тәжірибелері қолданылады. Түзету жұмыстарынан кейін балалардың жалпы білім беретін мектепке, балабақшаға барған табысты жағдайлары бар. Тіпті 2 тәрбиеленуші колледжге түсті. Айта кету керек, орталық Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетімен тығыз ынтымақтастық орнатқан. Оқу орны базасында дәрістер оқылып, студенттерге қордың жұмысы таныстырылады, серіктестік туралы меморандум жасалды. Бұл болашақ мамандарға инклюзияның маңызын түсінуге көмектесіп қана қоймай, қоғамда мүмкіндігі шектеулі адамдарға деген толерантты көзқарас қалыптастыруға ықпал етеді.
СНХ: ДМИТРИЙ ЛЕПЕШЕВ, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ЗЕРТХАНАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ: Біз бұл қормен бірге ерекше білім беру қажеттіліктері бар, соның ішінде аутизммен ауыратын балалармен жұмыс істеуге дайын педагог мамандардың жаңа буынын даярлап жатырмыз. Өйткені бұл мәселе – халықаралық, жаһандық деңгейдегі проблема. Орталықпен белсенді түрде ынтымақтастық жасаймыз, студенттеріміз осында тәжірибеден өтеді. Орталық мамандарының қолдауымен олар балалармен қалай жұмыс істейтінін, қандай диагностика түрлері қолданылатынын, осы санаттағы балаларды дамыту мен сүйемелдеуде қандай әдістер пайдаланылатынын бақылап, үйренеді.
РКС: Жуырда университетте «Инклюзивті білім беру және нейроалуандылық» ғылыми зертханасы ашылды. Мұнда ғалымдар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың әртүрлі ерекшеліктерін жан-жақты зерттейді. Сондай-ақ орталық базасында балаларды дамыту мен олардың отбасыларын қолдаудың тиімді әдістерін іздеуге бағытталған ғылыми зерттеулер жүргізу жоспарланып отыр.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, АРАЙЛЫМ ШЫТЫРЫМБЕК, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ