ДИКТОР: Биыл «Ауыл» партиясына - 25 жыл. Осы айтулы датаға орай Көкшетауда ұлттық ойындарды насихаттаған «Ауыл ойындары-2025» турнирі өтті. Солтүстік аймақтың жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттері бас қосқан дүбірлі дода салауатты өмір салтын насихаттау, ұмыт болып бара жатқан ұлттық спорт түрлерін дәріптеу мақсатында ұйымдастырылды. Қай өңір жастарының асығы алшысынан түсті? Әріптесім Сәния Есімсейітова баяндайды.
РКС: Турнирге «Ауыл» партиясының Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан обысы мен Астана қаласының филиалдары қатысты. Жекпе-жек шеберлері бозкілемде белдесіп, ептілер асық атып, ләңгі теуіп бақтарын сынасты. Одан бөлек, тоғызқұмалақ, садақ ату, арқан тартыс, футзал сияқты 7 ұлттық спорт түрі насихатталды.
СНХ: АНАР АЯПБЕРГЕНОВА, «АУЫЛ» ПАРТИЯСЫ АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ: Бұл шараның негізгі мақсаты ұлттық ойындарды дамыту, жастардың спортпен айналысуын қолдау, денсаулықты нығайту және студенттердің өзара танысуына, тәжірибе алмасуына жағдай жасау. Жарысқа 18–21 жас аралығындағы жастар қатысып жатыр жеті ұлттық ойын түрі бойынша. Бүгінгі төрешілер де облыстың спорт саласындағы тәжірибелі мамандары.
РКС: Қатысушылардың айтуынша, ауыл ойындарының ерекшелігін ауылда туып-өскен жастар ғана терең түсінеді. Бұл жарыс алаңында ұлттық спорт түрлерін жетік меңгерген жастар бас қосты. Әрбір қатысушы жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, өз мүмкіндіктерін ортаға салуда. Олардың арасында республикалық деңгейдегі жарыстардың бірнеше дүркін чемпиондары да бар. Астана қалалық филиалының командасы да жарысқа белсене қатысып, жеңістен үмітті. Команда құрамында тәжірибелі және жетістігі мол спортшылар жиналған.
СНХ: МӘДИ ЖҮЗБЕК, АСТАНА ҚАЛАСЫ ЖАСТАР ҚАНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Біз Астана қаласынан осы жеті ойынның барлығына да қатысатын командаларды іріктеп әкелдік. Қазіргі таңда 20 жас қатысушы келіп жетті. Біз бұл жарыстан үлкен жеңіс күтеміз. Себебі бұл іріктеу жарысы республикалық турнирге жолдама береді. Біздің алып келген 20 студентіміз – ауыл жастары. Олар өздерінің ауылда ойнап өскен ойындарын дәл осы алаңда көрсететін болады. Сонымен қатар, ұлттық және ауыл спортын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған бұл шараның басы-қасында жүргенімізге қуаныштымыз. Астана қаласының құрамасында асық ату мен ләңгі ойыны бойынша мықты спортшылар бар. Бұған дейін Көшпенділер ойынында да Астана қаласының спортшылары Қазақстан делегациясының құрамында өнер көрсеткен. Бізде асық атудан бірнеше дүркін чемпион, бес дүркін әлем чемпионы жас спортшымыз бар. Сондай-ақ ләңгіден жақсы ойнайтын жастарымыз бар. Олардың арасында Астана қаласының спорт академиясынан келген жігіттер де бар.
СНХ: МАДИЯР АМАНТАЙ, АСТАНА ҚҰРАМА КОМАНДАСЫНЫҢ МҮШЕСІ: Мен Астанадан келген команданың мүшесімін. Өзім ауылда өскендіктен, ауыл ойындарына, ұлттық ойындарға ерекше қызығамын. Бүгін садақ ату жарысына қатысып жатырмын. Өзім ұлттық спорт түрлерінен жақында Шымкент қаласында өткен республикалық жарыста үш дүркін Қазақстан чемпионы атандым. Атқа көбі мінгенімен, аударыспақта күресу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Өйткені аударыспақ мінезді, шапшаңдық пен шыдамдылықты талап етеді. Қарсыластарымызға сәттілік, ал өз командамызға жеңіс тілеймін!
РКС: Солтүстік аймақтық іріктеу турнирінің қорытындысы бойынша командалық ұпай санымен басымдық көрсеткен Солтүстік Қазақстан облысының спортшылары бірінші орынды иеленіп, республикалық турнирге жолдама алды. Бұдан бөлек, Астана қалалық филиалының жастары екінші орынға табан тіресе, Ақмола облысының құрамасы үшінші орынға лайық деп танылды. Айта кетейік, ауыл ойындарының республикалық кезеңі қараша айына жоспарланып отыр.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ